Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қорының жаңа басшысын қабылдады
Президент қордың стратегиялық дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді
Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа қордың жұмысы жайында есеп берілді. Сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының әлеуметтік орнықтылығын және қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге қатысты Президенттің бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндалды.
«Алмасадам Сәтқалиев Мемлекет басшысына «жасыл экономиканы» дамытуға байланысты салынатын жаңа құрылыс нысандарының жоспары, қор активтерін жекешелендіру мәселесі жөнінде айтты», - делінген хабарламада.
Кездесу соңында Президент «Самұрық-Қазына» қорының стратегиялық дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.