Қоғам белсенділері Өскемен қаласы әкімінің отставкасын талап етіп отыр
Қоғам белсенділері Жақсылық Омарды көп балалы аналарды жаңа партия құрушыларға қарсы айдап салды деп айыптап отыр
Өскемен қаласының белсенділері облыс орталығының әкімі Жақсылық Омардың үстінен шағымданып, отставкаға кетуін талап етіп отыр. Белсенділер Өскемен қаласында таныстырылымы өткен жаңа партияның брифингінде шу шығарып, жанжал туғызған көп балалы аналарды айдап салып, арандатқан Жақсылық Омар деп есептейді. Сондай-ақ № 23 орта мектептің құрылысы бітпегені жайлы облыс әкіміне жалған ақпарат берді деп шағымданып отыр.
«Ақжүніс» қоғамдық бірлестігінің Өскемен қаласы бойынша жетекшісі Жұлдыз Ақтажанова facebook парақшасында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазып, қала әкімі Жақсылық Омарды адамдарды жеке басының мүддесі үшін әртүрлі айла-шарғы жасап, пайдаланып отыр ашық айыптады.
Естеріңізде болса, осыдан бірнеше күн бұрын Қазақстанның демократиялық партиясының бастамашыл топ мүшелері Өскемен қаласы тұрғындарымен кездесіп, сол жерде көп балалы екі әйел жанжал шығарып, жиынның берекесін қашырған.
Ал, Жұлдыз Ақтажанованың айтуынша, жанжал шығарған екі әйел де Жақсылық Омардың тікелей бұйрығын орындаған.
«Шенеунік екі әйелге жиында жанжал шығаруға нұсқау беріп, егжей-тегжейлі түсіндірген. Тіпті, жиын болатын жерге арнайы қызмет көлігімен жеткізіп салып, «Егер полиция шақырып жатса, қорықпаңыздар. Өзіміз жауап береміз!» деп айтқан. Бұл ақпаратты қала әкімінің орынбасары Серік Жеңісов те растап отыр. Егер әлгі екі әйелге бірдеңе болса, полиция алып кетсе, Жақсылық Омар оларға қалай көмек берер ед? Ол басқа құрылымның жұмысына араласа алмайды ғой. Ол аналарды қорғаған жоқ, өзінің көздеген мақсатына жетті. Сол себепті Өскемен қаласы әкімінің орнынан кетуін талап етеміз, адамдарды өз мүддесі үшін пайдалануды доғарсын. Көп балалы аналардың қауіпсіздігін ойламай, жоғарыда айтылған жұмыс істету - қала әкіміне лайық әрекет емес. Өзін жаманатты қылды, бұдан былай аналар жағы оған сенбейді», - дейді Жұлдыз Ақтажанова inbusiness.kz-ке берген сұхбатында.
Бұл жағдайға байланысты Жақсылық Омар да, қала әкімдігі де әзірге үнсіз. Жақсылық Омардың жұмысына қатысты сын мұнымен шектелмейді. Жақында ШҚО әкімі Даниал Ахметов қаладағы №23 мектеп бойынша оған жалған ақпарат берілгені туралы айтып, мектеп директорын қызметінен алды.
«Құрметті достар, өткен аптада Өскемендегі Согра шағын ауданындағы №23 мектепте болдым. Тұрғындардың тығыз шоғырлануына байланысты бұл білім шаңырағында бала саны белгіленген мөлшерден асып кеткен. Сондықтан қосымша ғимарат салу туралы шешім қабылданған еді. Мектепті аралау кезінде маған қосалқы нысанның іске қосылғандығы, ол жерде балалар оқып жатқандығы туралы ақпарат жеткізілді.
Алайда, кейінірек ата-аналар арызданып, жаңа корпустың құрылысы әлі аяқталмағандығын айтты.
Тапсырмам бойынша тексеру жүргізілді. Өкінішке орай, жаңа корпуста ешкім оқымайтындығы анықталды. Ал ғимарат расымен-ақ, әлі қолданысқа берілмеген. Нысанның мерзімінде өткізілмеуі және біле тұра жалған ақпарат беруі себепті аталмыш мектеп директоры қызметінен босатылды, ал облыстық білім басқармасының басшысына сөгіс жарияланды», - деді облыс басшысы facebook парақшасында.
Алайда жергілікті factum.kz порталы мектептегі жағдай бойынша жауапты адам – Өскемен әкімі Жақсылық Омар деп жазды. Мақалада айтылғандай, қала әкімі әлеуметтік желіде мектептің іске қосылғандығы, ол жерде балалар оқып жатқандығы туралы сүйіншілеп ақпарат таратқан.
«Согра шағын ауданындағы 300 оқушыға арналған №23 мектепттің құрылысы аяқталды. Жаңа корпус бейне бақылау және энергия үнемдеу жарықтандыру қондырғыларымен жабдықталған. Нысан жұмысымен облыс басшысы Даниал Ахметовтың өзі танысты», - деп жазды.