Еңбекшіқазақ ауданына жаңа әкім тағайындалды
Ал экс-әкім жер телімдерін заңсыз сату бойынша ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген күдікке ілінді
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі ақыры орнынан кетті. Қуанышбек Қашқымбаев бұған дейінде лауазымын босатам деп, кейін ойынан айнып қалған еді. Ауданның жаңа әкімі болып Әлібек Жақанбаев тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Әлібек Әскербекұлы бұған дейін 10 жыл Алакөл ауданының әкімі болған. 56 жастағы жаңа әкім Еңбек Қызыл Ту орденді ауыл шаруашылығы институтын орман шаруашылығының инженері мамандығы бойынша бітірген.
«Алматы облысы әкімінің өкімімен Әлібек Әскербекұлы Жақанбаев Еңбекшіқазақ ауданының әкімі болып тағайындалды. Ол еңбек жолын Алакөл ауданы «Левобережный» кеңшарының жұмысшысы болып бастады. Әр жылдарда Семей қаласында «Зеленстрой» шаруашылық есептегі учаскесі көгалдандыру бөлімінің агрономы, Алакөл ауданында Алакөл механикаландырылған орман шаруашылығының жұмысшысы, цех шебері, инженері, Үшарал орман шаруашылығында орманшы, бас орманшы, «Қаратал орманы» ММК Алакөл филиалының директоры, «Талдықорған ағаштары» ММК Алакөл филиалының директоры, «Алакөл орман шаруашылығы» ММ директорының орынбасары, директоры, Сарқан ауданының әкімі қызметтерін атқарды», - деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ал 2020 жылы Еңбекшіқазақ ауданының бұрынғы әкімі Қуанышбек Қашқымбаев пен оның орынбасары Алматы әуежайы маңындағы жер телімдерін заңсыз сату бойынша ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген күдікке ілінді.