ШұғылАналық капитал: депутаттар дүниеге келген әр сәбиге 4,2 млн теңге төлеуді ұсынды

Жапаровтың артында кім тұр? Қырғызстанның жаңа президенті туралы саясаттанушылар пікірі

Кеше ғана сайланған қырғыз президентіне кімдер оппозиция болады?

Қырғызстанның экономикалық ахуалы кері кетсе де, сайлаудан соң саяси жағдай тұрақталғандай болды. Үгіт-насихат кезінде елді экономикалық дағдарыстан шығара алмаған экс-президенттерді айыптаған Жапаров жеңіске жете салысымен, бұл жайттарға өзінің жауапты емес екенін мәлімдеді.

Үкімет баспасөз қызметінің жетекшісі Бақтыбек Рысалиев экономикаға премьер-министрдің міндетін атқарушы Артем Новиков жауапты екенін хабарлады. Ал, ОСК мәліметінше, қазір шұғыл түрде инагурацияға дайындық жүріп жатыр. Садырды салтанатты түрде таққа отырғызу 21 қаңтарда өтуі мүмкін.

6 жыл мерзімге қайта сайлану құқығынсыз сайланған Садырдың соңында кімдер тұр? Бұрын өзі оппозиционер болған Жапаровқа енді кім оппозиция болады? Сооронбай Жээнбековты тақтан тайдырудың артында кімдер тұр? «Ұстазы» А.Атамбаевты абақтыға айдаған С.Жээнбеков немен айналыспақ? Осы және өзгеде сұрақтарға Azattyq Rýhy тілшісі жауап іздеп көрді.

ТҮРМЕДЕН ТАҚҚА ТОП ЕТТІ

Қырғызстанда 2020 жылдың күзінде өткен парламенттік сайлаудың соңы төңкеріске ұласып, оның соңы президент Сооронбай Жээнбековтың отставкаға кетуімен аяқталды. Теке-тірестер арқылы премьер-министрдің орнын иеленгенімен, бұл лауазымды місе тұтпаған Жапаров бірнеше күннен кейін ел президентінің міндетін атқарушы болып шыға келді. 10 қаңтарда кезектен тыс өткен президент сайлауында жарыстың негізгі фавориті – Садыр Жапаровтың бәйгені шаппай алатыны әу бастан-ақ белгілі болған. Нәтижесінде ол сайлаушылардың 81% дауысын иеленді. Түрмеден таққа топ еткен Нұрғожайдың ұлы қысқа мерзім ішінде Қырғыз Республикасының алтыншы президенті болып тіркелді. Саяси қайраткерлігімен танылмаса да, Жапаровтың бұл жетістігіне Бакиев пен оның айналасына топтасқан кландардың ықпалы бар деп санайды жергілікті саясаттанушылар.

«Қазан айындағы оқиғадан кейін Жапаровтың қасына саяси сахнадан шығып қалған топ келді. Бакиевтың тұсында құзіреті күшті болған адамдар кейін «Мекенчил» саяси партиясының маңына топтасты. Бұрын бұл партия «Ата-Журт» саяси партиясы деп (2006 жылы Ош қаласында құрылды – авт.) аталған. Осы ұйымның құрамына 2010 жылы биліктен тайдырылған Құрманбек Бакиевтың кезіндегі лауазымды тұлғалар кіреді. Араларында Жогорку Кенештің 5-шақырылымында депутат атанғандар да болды. Санының көптігімен көзге түскен депутаттар бірнеше рет билікті қайтарып алғылары келді, яғни олар Бакиевтің реваншистері атанды. Жогорку Кенештің екі мәрте депутаты болған Жапаров сол Бакиевтың тұсында жоғарғы лауазымдарға ие болған. Сайлаудың алдында Садыр мен Құрманбектің жасырын түрде кездескені айтылды. Қоғам Құрманбек Бакиевтың және оның адамдарының қолдауымен Жапаров жеңіске жетті деп түсінеді. Бұл ақпаратты әсіресе қазіргі оппозиция ашық айтып жүр. Расында екеуінің саяси өмірі бір-бірімен байланысты. Алайда, Жапаров қазан айында саяси саханға шыққан соң ол өзі жеке дара лидер болып танылды да, Ақаевқа да, Бакиевке де қатысы жоқ адамдай көрінді», - дейді қырғызстандық саясаттанушы Алмаз Тажыбай.   


Садыр Жапаров

Жапаров билікті басып алуға тырысқаны және Ыстықкөл облысының әкімі Эмильбек Каптагаевты кепілге алғаны үшін 2018 жылы айыпты деп танылып, 11,5 жылға сотталғаны белгілі. Ол қамауда отырғанда сол кездегі президент Сооронбай Жээнбековтен өзіне аяушылық танытуды да сұраған. Бішкек маңындағы №1 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан Жапаровтың қамаудағы мерзімі кейін 1,5 жылға ғана қысқарды. 2020 жылдың қазан айындағы төңкерістің нәтижесінде бостандыққа шыққан ол өзіне кешірім бермеген мемлекет басшысын отставкаға кетуге мәжбүрледі. Түрмеден шыққан Жапаровты бір тәуліктен соң жоғарғы сот ақтап, соттылығы туралы құжаттың күшін жойды. Премьер-министр мен президент лауазымына конституциялық жолмен жетпеген Жапаровты оның қарсыластары да, жоғарғы тап өкілдері де қылмыс әлемімен, Бакиевтік кланмен тікелей байланыстырды.

«Жапаровтың артында кім тұр деген сұраққа қазір түрлі пікірлер айтылып жатыр. Оның артында ұйымдасқан қылмыстық топтар және Бакиевтің жақтастары, отбасы, туыстары тұр деген күдік бар. Бакиев жасырын түрде Бішкекке келді деген қаңқу сөз де тарады. Бірақ, бәріне нақты дәлел жоқ. Меніңше, оның артында ең алдымен қарапайым ауыл адамдары, қоғамнан сырт қалған немесе құқығы шектелген, кемістік көрген, тұрмыстық жағдайы толық шешілмеген, көңіліне қаяу түскен тұрғындар тұр. Одан бөлек, «Мекенчил» партиясына топтасқан топ тұр. Ондағы адамдар Жапаровтың жобаларын дайындап, бағыт-бағдар көрсетіп, сөйлер сөздерін дайындап береді. Мүддесі ұқсас бұл адамдар осы саяси партияға топтасқан, қазір негізгі ойыншылар осылар», - деді тағы бір қырғызстандық саясаттанушы Эмильбек Жураев.


Құрманбек Бакиев

Саяси тұлғаларды жетік білетін саясаттанушы Алмаз Тажыбайдың айтуынша, 30 жылда президенттік тақ 6 адамға ауысты. Ал олардың айналасына шоғырланған топтар жүйе өзгерген сайын атын өзгертіп ала қоятын биліктік партиялардың бұрыннан келе жатқан адамдары екен.

«Жапаровтың артында саяси элиталық топтардың тұрғаны анық. А.Ақаевтың тұсындағы саяси топтың көшпенді болғанын, яғни одан кейін билікке келгендердің сойылын соққанын білеміз.  Ақаевтың элитасы Бакиев билікке келгенде оның қол астында қызмет көрсетуге көшті. 2010 жылы сол саяси күштер уақытша үкімет құруға тырысты да, ел тізгіні Бакиевтен соң бірден Атамбаевқа ауды. 2017 жылы әлгі саяси элита саналған топ Атамбаевтан соң лезде Жээнбеков жаққа ауды. Қазір олар Жапаровтың жақтастары болып шыға елді. Элита деп отырғаным, мемлекетті басқарудағы заң шығарушы, атқарушы органдар және сот. Саяси ұйым деп отырғаным қазіргі «Мекенчил» партиясы, Бакиевтың кезіндеі «Ак Жол» ұйымы. Сонымен қатар, былтыр паралменттік сайлауда жеңіске жеткен «Биримдик», «Мекеним Кыргызстан» сынды Жогорку Кенештегі саяси партияның мүшелері», - деп түсіндірді саясаттанушы.

Жапаров өзінің саяси мансабын 2005 жылы парламент мүшесі болудан бастаған. 2007 жылдан бастап ол сол кездегі президент Құрманбек Бакиевтің кеңесшісі қызметін атқарды. Бір жылдан соң Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі ұлттық агенттігінің комиссары, кейін Мемлекеттік кадр қызметі жанындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу агенттігінің директорлығына тағайындалды.

Бакиевтен кейін өзін саяси қуғынның құрбаны ретінде көрсеткен Қырғызстанның қазіргі басшысына соңғы кездері қаржылық көмек те көп көрсетілген. ОСК мәліметтері бойынша, президенттік жарысқа түскен Жапаровтың сайлау қоры қаржылық жағынан да мықты, онда 62 миллионнан (600 000 еуро) астам сом болған. Басқа үміткерлер үшін бұл көрсеткіш 1-3 миллион сом шамасында. Сайлау қоры үміткердің жеке қаражатынан, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ерікті қайырымдылық қаражатынан құрылады. Жапаровтың сайлауалды науқаны кезінде ол өзінің бәсекелестерімен телевизиялық дебаттардан бас тартып, оларды «өсек пен өсек жарысы» деп атады. Ал «Бутун Кыргызстан» партиясының жетекшісі Адахан Мадумаров бастаған оның қарсыластары Жапаров Бакиевпен бірікті деп айыптады. Үгіт-насихат кезінде Жапаровтың өзі де қашқын президенттерді қайтара алатынын жасырған жоқ.

«Ош облысында жүргізген науқан кезінде Садыр Жапаров биліктен тайдырылғаннан кейін қашқын атанған президенттер Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевті Қырғызстанға әкеле алатынын жариялады. Тек халық оларды кешірсе болғаны. Асқар Ақаев 2005 жылы наурызда елден қашып кетті және қазір Мәскеуде тұрады. Құрманбек Бакиев 2010 жылы 7 сәуірде тақтан тайдырылып, Қазақстанға қашты. Қазір ол Минск қаласында тұрады. Жапаровты мен де қолдадым, өйткені басқа лидер болмады. Алайда, өзің ойлап көрші, билікті басып алмақ болды және адамды кепілге алды деп соттаған адамын кейін сот бір күннің ішінде ақтай салды. Бұл заңға да, ақылға да сыймайды. Президент болса да Жапаровтың бұрынғы өмірі оның жолында көлеңке ретінде шыға береді. Түрлі алып-қашпа әңгімелер өте көп. Бірі оны Қытай қолдады дейді. Жапаров қазіргі уақытта Қамчибек Кольбаевпен (қылмыс әлемінің серкесі, С.Жапаровтың жерлесі – ред.) дос», - деді оппозициялық көзқарастағы тәуелсіз сарапшы Улан Нурманбетов.

ЖЭЭНБЕКОВТІҢ КЕМШІЛІГІ ЖАПАРОВТА ЖОҚ

Қырғыздар бір-бірімен тірескен қос басшының бойындағы артықшылықтары мен мінездегі кемшіліктерін де көріп үлгерген. Жапаров орысшаға шорқақ болса да, халықты иландыра білетін харизмаға ие. Билікке ұмтылудағы амбициясы жоғары. Халықаралық саяси сахнада мүлдем салмағы жоқ болса да, ораторлығының арқасында халықтан «қолдау» тапты. Оның орыс тілін жетік білмеуі Ресейден бастап ТМД елдерінің басшыларымен диалог орнатуына кедергі келтірмейді деп санайды саясаттанушылар. Ал экс-президент С.Жээнбековтың мінезі жұмсақ, батыл шешім шығаруға, табанды күрес жүргізуге жігері жетпеген.

«Жапаровтың персоналы өте қысқа болды. Оның харизмасы ел басқаруда жоғары рөл ойнайды. Жуырда мерзімінен бұрын кеткен президентпен салыстырғанда мінез жағынан Жапаровтың ұпайы жоғары. Жээнбеков харизмасы жоқ, жұмсақ мінезді болды. Өзіне сенімділік, батылдық, нық, нақты сөйлеуі және қарапайым халыққа ашық болуымен жаңа басшы ерекшеленіп жатыр. Ол ел күткен істерге, мәселелерге жылдам жауап береді. Ал, мемлекетаралық трибунада, өзге ел басшыларымен диалог орнатуда, дипломатиялық ортада ол қазіргідей сөйлей алмауы мүмкін. Бірақ, бұл Жапаров үшін айтарлықтай кедергі болмайды. Орыс тілінде ойын еркін жеткізе аламауы соншалықты кемшілік емес. Десе де, халықаралық қауымдастықтың сенімінен шығу оңай болмайды», - деді Эмильбек Жураев.


Сооронбай Жээнбеков

РЕФЕРЕНДУМНАН КЕЙІН НЕ ӨЗГЕРЕДІ?

Сайлау кезінде Қырғызстан азаматтары президенттік басқаруды қолдайтын болып шықты. Алдағы бірнеше айда президенттің өкілеттігін кеңейте отырып, конституцияны тағы өзгертуге тура келеді. Парламент заң шығарушы орган ретінде қалады. Депутаттар заңдар мен ел бюджетін қабылдайды, бірақ министрлер кабинетін құру және премьер-министрді тағайындау құқығынан айрылады. Оларға президентке импичмент жариялау құқығы беріледі, ал ол өз кезегінде парламентті тарата алады.

«Қырғыздарда оппозиция қашанда күшті болған. Жапаров 81% жеңіске жеткенмен, оны жақтамаған адамдар көп, сәйкесінше оппозиционерлер де аз емес деген сөз. Жапаровтың саясатына ашық қарсы шыққан Мадумаровқа қосылатын бес-алты саясаткер бар. Сондықтан олар алдағы уақытта Жапаровтың берген уәделерін, істеген жұмысын, жүргізген саясатын үнемі қатты сынап отырады. Президенттік бәсекеде жеңілген адамдар мен оппозиция, өзге де топтар наурыз айында өтетін парламент сайлауында Жогорку Кенешке өтуге тырысады. Яғни, инагурацияға дайындалып жатқан президентпен күресетіндер жылдар бойы жалғаса береді», - деп санайды Халықаралық қатынастар және қауіпсіздік жөніндегі қырғыз кеңесінің мүшесі А. Тажыбай.


Алмазбек Атамбаев жақтастарымен

Айта кетейік, қайта қамауға алынған Алмазбек Атамбаевтың үстінен тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Ал, тақты аманаттап тапсырған өзінің «досын» екінші рет қаматқан Сооронбай Жээнбековті не күтіп тұрғаны белгісіз. Саяси қудалауға ұшырамаса Роза Отынбаева сияқты қайырымдылықпен айналыспақ. Әділет министрлігінде тіркеліп үлгерген экс-президенттің қоры қоғамның рухани, мәдени және ғылыми әлеуетін арттырып, елді дамытуға бағытталған шығармашылық бастамаларды қолдауға бағытталады.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы