Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізді
Президент реформа жүйесінде цифрландыруды жеделдетуге мән беруді тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысын өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі бағдарламалар мен реформалардың дәйектілігін және өзара сабақтастығын қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті.
«Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі догматизм мен көзбояушылықтан толық ада болуы қажет. Сұлу сөз қаншалықты аз болса, мазмұны соншалық бай болады. Ол атқарушыларға іс-қимыл еркіндігін беру үшін өте прагматикалық болуы тиіс. Атқарушыларға қосымша жұмыс жүктемеу аса маңызды. Яғни, басқа нақты істерге нұқсан келтірмеу үшін бұл бағыттағы жұмыстарға күш түсірмеу керек. Үкімет сарапшылардың қоғамдастығымен және жұртшылықпен тығыз ықпалдастықта жұмыс істеуі тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттік жоспарлау реформасы жүйесінде цифрландыруды жеделдету мәселесіне баса мән беруді тапсырды. Сонымен қатар мемлекеттік органдар жүзеге асырып жатқан құжаттар мен бағдарламалардың барлық сатысына талдау жасау қажет.
Мемлекет басшысы консультативтік комитеттер жұмысының маңыздылығына назар аударып, бірінші кезектегі реформалардың тізімін анықтауға және оларды жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарға байланысты нақты міндет жүктеді. Сондай-ақ Президент Әлеуметтік кодекс, «Цифрлық Қазақстан», «АӨК-2025» сияқты ірі реформалардың әзірленуіне ерекше назар аударуды тапсырды. Барлық тараптар үшін ашық әрі бірыңғай тәртіп орнатудың мәні зор. Әділ бәсекелестік қалыптастыру, әкімшілік қысымдарды болдырмау – экономикалық өсімнің жүйелі шарты.
Президент сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау мәселесіне де назар аударды. Оның пікірінше, сот және құқық қорғау қызметіне озық IT-технологияны енгізу және цифрландыру жұмыстарын жалғастыру керек. Судьялар корпусы мен құқық қорғау органдарындағы жеке құрамның кәсіби біліктілігін арттыруға баса мән беру қажет.
«Бізге жүйелі, соның ішінде, кадрлық сипаттағы шаралар қабылдау керек. Жоғарғы Соттың судьясы немесе облыстық соттардың төрағасы болсын судья лауазымына тағайындаған кезде, ең алдымен, судьялар корпусының өзінде үлкен мәселе туындайды. Олар бір-бірін кәсіби біліксіз, жеке және басқа да байланыстарын пайдаланады деп кінәлайды. Осы тиімсіз тенденцияларды біржола жою қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде реформалар жүргізу барысында барлық заңнамалық өзгерістер мұқият әрі егжей-тегжейлі пысықталуы керек екенін айтты.