ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 170 мыңға жуықтады

Ауылдарда саяси бәсекелестік жоқ – Айдос Сарым

Саясаттанушы елімізге жалпыұлттық үлкен партиялардың қажеттігін айтты 

Фото: ашық дереккөзден

Ауыл-аймақтарда саяси бәсекелестік жоқ. Ал мемлекеттік емес ұйымдар қаладан шалғай орналасқан аудандарға баруға құлықсыз. Бұл туралы саясаттанушы Айдос Сарым «Парламенттік сайлау: ерекшеліктері мен маңызы» атты сараптамалық кездесуде айтты.

Әлемде экономикадан бөлек, саяси дағдарыстар да жиілеп кетті. Қоғам белсенділері алысқа бармай-ақ, көрші мемлекеттердің жай-күйін қысқаша баяндап, салыстырмалы түрде еліміздің жағдайы тұрақты екенін атап өтті.

«Әрине, кемшіліктер бар. Кей тұста әлеуметтік әділеттіліктің жоғы сезіледі. Дегенмен бұл  – жаһандық мәселе. Қазіргі уақытта көптеген партиялар елімізді дамытуға қатысты өз ұсыныстарын білдіріп жатыр. Күні кеше ғана «Нұр Отан» партиясы өзінің бағдарламасын ұсынды. Оның басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталған», - деді саясаттанушы Ерлан Сайыров. 

Жиын барысында сөз сөйлеген Айдос Сарым коронадағдарыстың әлем елдерінің өндірістік дамуына қалай ықпал етіп жатқанына тоқталып өтті. 

«Коронадағдарыс ең алдымен, осы уақытқа дейін көп сынға ұшыраған отандық саяси институттар мен механизмдердің өміршеңдігін байқатты. Қазіргі уақытта кейбір елдерде деглобализация басталды деген де пікірлер бар. Әрбір мемлекет қазір жаһандық емес, өзінің кішігірім болса да мүмкіндігін дамытуды қолға алып жатыр. Өзінің маскасын өндіріп, өзінің дәрісін шығаруда», -деді Айдос Сарым. 

Келер жылдың басына жоспарланған парламенттік сайлау пропорционалды жүйе бойынша өткізілмек. Мамандардың айтуынша, мұндай жүйе Қазақстанға ауадай қажет. Өйткені аймақтарда саяси бәсекелестіктің жағдайы көңіл көншітпейді.

«Біздің елдегі саяси өмір шындап келгенде,  Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент сынды мегаполистер мен бірнеше облыс орталықтарынан аспайды. Тіпті мемлекеттік емес ұйымдар да қала аумағынан арыға бармайды. Ал ауыл-аймақтарда сол бұрынғы дәстүрлі ұйымдар ғана бар. Осы уақытқа дейін Қазақстанның тәуелсіз тарихында бірде-бір рет ешбір облыста, ешбір қалада, ешбір ауданда белгілі бір саяси топ жергілікті аймақтың балама бюджетін жасап көрген емес», - деді саясаттанушы Айдос Сарым. 

Кездесу аясында саясаттанушы дамыған мемлекеттердің саяси жүйлерін сараптай келе, елімізге жалпыұлттық партияны құру керек екенін атап өтті.  

«Біздің елімізге жалпыұлттық үлкен партиялар қажет. Мәселен, Америкада қос партиялы, Еуропада 3-4 партиялы жүйе бар. Бәлкім болашақта біз де соған келерміз», - деді Айдос Сарым.  

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан