ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1430 адамнан коронавирус анықталды

ОСК «Ауыл» партиясының Мәжіліс сайлауына түсетін тізімін тіркеді

Партиялық тізімде 19 үміткер бар

«Ауыл» партиясы алдағы Мәжіліс сайлауына қатысатын кандидаттарының тізімін ұсынды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссияның отырысында мәлім болды, хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Отырыс алаңында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов Мәжіліс депутаттығына үміткерлерге қойылатын басты талаптарды атап өтті.

«Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін кандидат Қазақстан азаматы болуға; соңғы 10 жылда Қазақстан аумағында тұруға; жасы 25-тен кіші болмауға; белсенді сайлау құқығына ие болуға тиіс. Сондай-ақ, партиялық тізімде әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған азаматтардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс», - деді Асылбек Смағұлов.

Сонымен қатар, жиын барысында «Ауыл» партиясының партиялық құрамында 19 адам бар екендігі белгілі болды. Оның ішінде төрт әйел және 29 жасқа толмаған екі азамат бар. Бұл тізімге енгізілгендердің жалпы санының 31,5 пайызын құрайды.

Осылайша Орталық сайлау комиссиясы мүшелері «2021 жылғы 10 қаңтарға тағайындалған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы» қаулыны қабылдады.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан