ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 1 480 адам коронавирус жұқтырды

Қасым-Жомарт Тоқаев «Сарыарқа» экономикалық аймағына барды

Ол жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобалардың маңыздылығына назар аударды

Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары аясында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының даму перспективасымен танысты.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Президентке арнайы экономикалық аймақтағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы, тұрақты жұмыс орындарын ашу, жеке және шетелдік инвестицияларды тарту, сондай-ақ, Қазақстан мен Германияның бірлескен кәсіпорнының жұмысы туралы баяндады.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазсолар-50» компаниясының өкілімен әңгіме барысында жаңартылатын энергия көздеріне қатысты жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударды.

«Балама электр энергиясы бағытын қолдаймын. Жолдауда біртіндеп көміртек пайдалануды азайту саясатын жүргізу керек екенін айттым. Бұл бағыттың болашағы зор. Бүкіл әлем аталған бағытта дамып жатыр. Мен Германияға барғанымда осы тақырыпта неміс компанияларының жетекшілерімен сөйлестім. Жалпы олармен ынтымақтастыққа назар аудару керек деп санаймын. Күн электр энергиясы болашақта бірқатар проблеманы шеше алатын қуатты көзге айналады. Ол сонысымен тартымды», – деді Президент.

Содан кейін Президент канадалық заманауи технология бойынша өнім шығаратын «Steel Manufacturing» ЖШС-нің өндіріс аумағын аралап көрді. Зауыт жылына латуньнан жасалған 30 миллион бұйым шығарады.