$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.11.2020, 18:21
Саясат

Ақтөбедегі шошқа фермасы жабылмауы мүмкін: халық тағы наразылық білдірді

Ферма қожайыны Армениядан келе алмай отыр

Ақтөбедегі шошқа фермасы жабылмауы мүмкін: халық тағы наразылық білдірді

Ақтөбе облысындағы доңыз асыраумен айналысатын ферманың айналасындағы дау осы демалыс күндері де күн тәртібінен түскен жоқ. Сенбі күні Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылының жүздеген тұрғыны тағы да жиналып, өз талаптарын биліке жеткізді.

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі осы ауылдың тумасы Марлен Баймағамбетов деген азаматпен сұхбаттасып, мән-жайды сұрап білген еді. Оның айтуынша, жергілікті халық мәселенің оң шешімін табатынына үміттеніп отыр. Талап бойынша, ферма мүлдем жабылуы тиіс еді. Алайда, атқамінерлер оның бағытын өзгерту туралы мәселе көтеріп отыр екен.

«Негізгі мәселе ферманың айналасындағы экологиялық, санитарлық талаптардың бұзылуында, болып тұр, елдімекенге сасық иіс барады. Тұншықтырып тұр. Сосын шошқаның қаны, нәжісі топыраққа сіңіп жатыр. Жерасты суларын арамдап бітті. Полигонды олар арнайы бетондалған ұра түрінде ұстауы тиіс. Оны да жасамаған. Ферма елдімекеннен кемі 3 шақырым қашықта болуы керек, бірақ екеуінің арасы 1,5 шақырым ғана», - дейді М. Баймағамбетов.

Марлен белсенді топтардың құрамына кірмейді, тек осы ауылдың жанашыры ретінде мәселенің басы-қасында жүр. Ол халықты жұмыспен қамтып отырған фермалардың болғаны жақсы, бірақ заңға бағынып, айналаға зиянын келтірмесе екен дейді.

«Біздің талаптың артында ешқандай діни астар жоқ, өзге дін немесе ұлт өкіліне қарсы шығып отырғанымыз жоқ. Естуімше, сырттағы адамдар арандатып жатқан көрінеді. Ауыл халқының талабы басқа. Біз тазалықты, заңдылықты талап етіп отырмыз. Алға ауданының әкімдігі шошқаны жылына 2 реттен төлдейді деп көрсеткен. Бірақ мамандар үш рет дейді. Кімге сенеріңді білмейсің. Фермада жұмыс істейтін адамдардың көбі ресми тіркелмеген деп естідім», - дейді ауыл тұрғыны.

Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов Azattyq Rýhy тілшісіне берген сұхбатында шошқа өсіретін кешеннің экономикалық мүмкіндктері туралы айтып берді. Әкім кәсіпорын жылына аудан бюджетіне 300 млн теңге салық төлейтінін айтады. Сондай-ақ, 147 адамды жұмыспен қамтып отыр екен.

«Заңды түрде 147 адам жұмыс істейді. Бірақ келісімшартсыз жұмыс істеп жатқандары да бар деп естідім, қазір оны анықтап жатырмыз. Прокуратура тексеріп жатыр. Фермада 53 мың бас доңыз бар. Өнімнің 95 пайызын экспортқа шығарып отыр. Ресей мен Қытайға жөнелтеді. Соңғы 10 айда аудан бюджетіне 237 млн теңге көлемінде салық төледі», - деді аудан әкімі.

Алға ауданы облыс орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан. Оқиға орнына барған облыс әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов халықпен кездесіп, бұл мәселені нақты шешу үшін он күн уақыт қажет екен айтқан. Ол кәсіпорынның қоршаған ортаға келтірген зиянын саралап, қорытынды шығару үшін комиссия құрылғанын мәлімдеді.

Ал облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғани Жәпішевтің айтуынша, Гайк Тертерян қазіргі таңда шетелде жүр екен. Журналистер де, облыс басшылары да кәсіпкермен тек 26 қарашада сұхбаттаса алады. Аймақтағы ірі бизнесмен сол кезде ғана Армениядан ұшып келмек.

«Облыс әкімі бұл мәселе туралы ресми түрде жауап берді. Ол әлеуметтік парақшасында жариялады. Ірі көлемде айыппұл төлейді немесе жабылады деген талап бар. Бірақ оның ірі салық төлеуші екені де рас. Оның тек шошқа зауыты ғана емес, балық зауыты, көптеген бизнесі бар, қырық жылдан бері Ақтөбеде тұрып жатқан кәсіпкер. Ол жабылмауы да мүмкін. Тек кәсіпорынның бағыты өзгеруі мүмкін. Алғашында ол аталған ферманы түйеқұс асырау үшін ашқан деген ақпарат болды. Ол кәсіпкер қазір Арменияда. Әуе қатынасы жоқ болған соң, елге келе алмай отыр. 26 немесе 28 қарашада келеді. Арменияда туғанымен, өмір бойы Ақтөбеде тұрған. Қазақстан азаматы», - деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы.

Аймақ басшысы Оңдасын Оразалин осы демалыс күндері Бестамақ ауылдық округінен келген ауыл тұрғындары мен ферманы жабуға байланысты бастамашыл топтың белсенділерін қабылдаған. Бұл туралы ол Facebook-парақшасында жазды. Әкім негізгі екі мәселеге назар аудару қажеттігін айтқан.

«Қай мәселе болса да, ашуға берілмей, ақылға салып шешетін халықпыз. Бұл проблеманың да оңтайлы шешу жолдарын бірге қарап, ортақ бір мәмілеге келдік. Бұл жерде екі мәселе бар: біріншіден, қоршаған ортаға келтірген зиянды заттарды заласыздандыру, өтемақы төлету және заң аясында жауапқа тарту. Мұнымен құқық қорғау органдары айналысуда, тиісті тапсырма берілді. Екіншіден, көпшіліктің пікірін ескеріп, тексеріс қорытындысының нәтижесімен «Парижская коммуна – XXI» ЖШС басшылығына шаруашылықтың бағытын өзгертуге немесе мүлдем жабу туралы талап қойылады. Бұл мәселенің шешілу мерзімін анықтауды арнайы мамандарға тапсырамын», - делінген әкімнің жазбасында.

«Парижская коммуна – XXI» серіктесігінң айналасындағы бұл алғашқы дау емес. Шошқа фермасы 2008 жылы мал шаруашылығын қолдау туралы мемлекеттік бағдарлама аясында салынған. Алғашқыда бизнес жоба түйеқұс өсіру мақсатында ұсынылғанымен, кәсіп иесі бағытын өзгертіп, шошқа фермасын құрған. Сол кезде зауыт қожайыны Гайк Тертерян журналистерге торайлардың тез көбеюіне классикалық музыка әсер етіп жатыр деп сұхбат берген.

Жергілікті тұрғындар өлген шошқа қалдығы жойылмайды деп шу шығарып отыр. Өлекселерді өртемей, жерге көміп, кәсіпорыннан шыққан нәжісті өзен суына ағызып жіберетінін айтқан олар аудан басшыларына бірнеше рет хат жазған. Алайда, бүгінгі күнге дейін еш өзгеріс болмапты.

Айта кетейік, 2014 жылы Алға ауданындағы Байбақты өзенінде балықтар қырылып қалған еді. Жергілікті экологтар табиғатқа келген шығын шошқа фермасынан болды деген қорытындыға келген. Бұл туралы жергілікті БАҚ өкілдері мәселе көтергенімен, Гайк Тертерян айыппұл төлеп, жұмысын ары қарай жалғастырған.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары