Мәжіліс сайлауына қатысатын 6 саяси партияның тізімі бекітілді
Бұл туралы ОСК мүшесі хабарлады
2021 жылдың 10 қаңтарында өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі сайлауына 6 саяси партия қатысады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов айтты.
Смағұловтың айтуынша, Қазақстанда заңнама аясында жұмыс істеп жатқан 6 саяси партия бар.
«Әділет министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда 6 саяси партия тіркеліп, жұмыс істеуде. Оларды қайта құруға немесе таратуға уәкілетті органдар тарапынан құқықтық негіздер жоқ. Демек, Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына осы тіркелген саяси партияның барлығы жіберіледі. Оларды сайлауға жіберуден бас тартуға құқықтық негіздер жоқ», - деді Асылбек Смағұлов.
ОСК мүшелері алты саяси партияның сайлауға қатысуы үшін бірауыздан дауыс берді:
- «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі;
- «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігі;
- «Бірлік» саяси партиясы« қоғамдық бірлестігі;
- «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі;
- «Қазақстанның коммунистік халық партиясы» қоғамдық бірлестігі;
- «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігі.
Аталған алты партияның бәрі мәслихаттардың да сайлауына жіберілді, бірақ «Бірлік» партиясы Шымкент қаласы мен Түркістан облысы мәслихаттары депутаттарының сайлауына қатыса алмайды. Әділет вице-министрі Наталья Панның айтуынша, «Бірлік» партиясының 16 өңірде филиалы болғанымен, Түркістан облысы мен Шымкентте бөлімшесі жоқ.