Бүгін АҚШ-та президент сайлауы: Трамп жеңе ме, әлде Байден бе?
Бүгін АҚШ уақытымен таңғы сағат 08:00-де президент сайлауы басталады
Ақтық жарысқа 2 үміткер қатысады: АҚШ республикалық партиясының өкілі Трамп пен оған қарсы демократиялық партияның мүшесі, бұрынғы вице-президент Джо Байден бақ сынайды.
3 қарашада АҚШ-та президент сайлауы өтеді. Егер Дональд Трамп екінші мерзімге сайланбаса, аз уақытта 46-шы америкалық президенттің есімі белгілі болады. Ал егер Трамп қайта жеңіске жетсе, ол Рональд Рейганның рекордын (президент жасы – ред.) жаңартуы мүмкін.
АҚШ-тағы маңызды саяси оқиға қарсаңында Azattyq Rýhy тілшісі түрлі сауалнама нәтижелері мен сарапшылардың болжамын негізге алып, шолу жасады.
Сауалнама нәтижелеріне сүйенсек, қазіргі 45-ші президент Дональд Трамп бұл сайлауда жеңілуі мүмкін. Алайда, Трамптың 2016 жылғы «күтпеген жеңісін» негізге алушылар тартыс соңына дейін жалғасады деп сенеді.
Президент һәм пандемия
Соңғы кездері Дональд Трамптың есімі БАҚ беттерінде жиі аталуына коронавирус дағдарысы да мейлінше әсер етті. АҚШ басқа дамыған елдермен салыстырғанда коронавирустан көп зардап шекті: 9,2 миллион адам вирус жұқтырып, 230 мыңнан астам адам көз жұмды. Бұл стастистика сайлаушылардың да таңдауына көп әсер етіп, пандемия кезінде адам өліміне жол берген президент әкімшілігін сынға алды. Қазіргі президент әу баста коронавирус індетіне бей-жай қарап, медициналық масканың тиімділігі мен жағдайдың күрделілігіне күмәнмен қарады.
Бұрынғы вице-президент Джо Байден қазіргі билікті жиі сынға алып, «Трамп ұлтты қорғай алмады» деген айыптауын әлі жалғастырып келеді. Ал Трамп бұған «Байденнің жоспары – бәрін үйге қамап ұстау» деп пікір білдірді.
Трамптың уәдесі
АҚШ-тың бас жұқпалы аурулар жөніндегі маманы Энтони Фауки қазіргі президенттің бағдарламасы ең алдымен халықтың денсаулығына емес, экономиканы сақтауға бағытталғанын айтады. Ал Байден коронавирус дағдарысына қарсы жоспарын ұсынып, тестілеуді көбейту, медициналық жабдықтарды қолжетімді ету және федералды үкіметтің рөлін күшейту сияқты амалдарды көрсетті. Мәселен, барлық штат губернаторларына маска режимін заңды түрде бекітуді міндеттеу.
Сайлау алдында өршіген Black Lives Matter қозғалысы
АҚШ-та нәсілдік мәселесі коронавирусқа қарағанда да маңызды болып тұр. 2020 жыл АҚШ-та тек оқшауланумен ғана емес, наразылықтарға толы оқиғалармен есте қалды. Black Lives Matter қозғалысы (қара нәсілділердің өмірі маңызды – ред.) көпшілікті АҚШ полициясының "қара адамдарға" ерекше қатал екеніне сендіре алды және нәсілдік әділетсіздікке қарсы наразылықтар елдегі жүздеген қалаларда жалғасып, оған 26 миллионға дейін адам қатысты.
Демонстрациялардың дені бейбіт түрде болғанымен, кейбірінің соңы полициямен қақтығыс, өртеу және жаппай тонау сияқты әрекеттерге ұласты.
Байден бұл мәселені де өз бағдарламасында ұтымды пайдаланып, жаңа бастамаларын ұсынды: кедей отбасыларға тұрғын үйді субсидиялау, аз қамтылған қауымдастықтарға инвестициялар (ең алдымен азшылық туралы) және қара нәсілділер иелік ететін бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету.
Ал Трамп полиция жүйесін реформалауға келісіп, «қара нәсілділер» оқитын колледждер мен университеттерге қосымша қаржы бөлуге пәрмен бергенімен, наразылықтарға қатысты «елдегі заң мен тәртіпті сақтау қажет» деп қана шектелді. Прогрессивті медиа бірден АҚШ президентін "ақнәсілділердің үстемдігі" идеясын қолдады деп айыптады.
Трамптың президент тағына жайғасқан күннен бастап магометандық халқы бар бірқатар елдерден АҚШ-қа кіруге тыйым салуы мұсылман қауымының да қарсылығын туғызды. Ал, осы сайлаудағы Трамптың басты қарсыласы Джо Байден жеңіске жеткен күні бұл шектеуді алып тастауға уәде берді. Сондай-ақ білім беру мен инфрақұрылымға, медицина саласына әлеуметтік шығындарды көбейтіп, кезінде Барак Обама (44-ші президент) қолға алған Medicare медициналық сақтандыру бағдарламасын қайта енгізбек.
NEW RESEARCH: афроамерикалықтардың 89%-ы Байденді қолдайды
АҚШ-тағы афроамерикалықтардың арасында Байденді қолдайтындар басым. Сауалнамаға қатысқандардың небәрі 8 пайыздан астамының таңдауы Трампқа түске, қалғаны Байденді қолдайтынын айтқан. АҚШ-тағы азиаттар мен испантілді қауымдастық өкілдерінің көбі «бүйрегі Байденге бұратынын» айтқан.