$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.11.2020, 15:04
Саясат

Қырғыз президенттігіне талас кімдер арасында жүреді және кімнің мүмкіндігі жоғары – саясаттанушымен сұхбат

Сарапшы Садыр Жапаровқа бола ел конституциясының өзгеруі мүмкін екенін болжады

Қырғыз президенттігіне талас кімдер арасында жүреді және кімнің мүмкіндігі жоғары – саясаттанушымен сұхбат
Фотоколлаж

Бішкекте бірнеше көтерілістен кейін тыныштық орнағанымен, билікте саяси тұрақтылық әлі орнай қойған жоқ. Ел 10 қаңтарда өтетін президенттік сайлауға дайындалып жатыр. Кешегі митингілерден кейін түрмеден шығып, билікті қолына алған Садыр Жапаров та бұл саяси науқанға қатысуы мүмкін. Ал, конституцияға сәйкес, президенттің міндетін уақытша атқарушы тұлға сайлауға қатыса алмайды. Сол үшін қазір саяси элита ішінде ата заңға өзгеріс енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Яғни, премьер-министрдің президенттік сайлауға бару-бармауын енді конституциялық сот шешеді.

Azattyq Ruhy тілшісі қырғыз саясаттанушысы Эмил Жураевпен сұхбаттасып, алдағы президенттік сайлаудың қалай өрбуі мүмкін екенін сұрап көрді. Оның пікірінше, қазір саяси элитада «ашық айқас» тоқтағанымен, билікке таластың шарықтау шегі әлі алда.

ЖАПАРОВ ҮШІН КОНСТИТУЦИЯ 11-ші РЕТ ӨЗГЕРТІЛЕ МЕ?

- Эмил Таирұлы, Қырғызстанда қазір «мыйзам» сөзі жиі қолданылады. Халықтың да, биліктің де талабы мыйзамның, яғни заңның үстемдік құруы. Елдегі саяси жағдай тұрақталды деуге бола ма?

- Қырғызстандағы саяси жағдайды тұрақталды деуге әлі ерте. Қырғыз билігінің заң жолына толықтай түсуі үшін парламент пен президент сайлауын әділ өткізуіміз қажет. Халық сайлаған заңды билік орнауы тиіс. Президенттік сайлау – 2021 жылдың 10 қаңтары, Жогорку Кенеш депутаттарын сайлау 20 желтоқсан деп айтылған. Мыйзам жолы сайлаудан соң орнап қалар...

- Қырғыз Республикасының соңғы 28 жылдық тарихында конституцияға 10 рет өзгеріс енгізіліпті. Премьер-министр мен президенттің құзыретін қатар қолына алған Жапаров тағы да додаға түсетінін мәлімдеді. Оның амбициясына бола конституция тағы өзгеруі мүмкін бе?

- Садыр Жапаров пен оның командасы Жогорку Кенештің сайлауын кейінге қалдырып, алдымен президент сайлауын өткізейік деп шешті. Қазіргі сәтте конституцияны өзгерту туралы ұсыныстар талқыланып жатыр. Дау туғызған бұл ұсыныс таласқа түсіп, оны енді конституциялық сот алқасы қарамақ. Яғни, конституция 11-рет өзгертілмек.

Қырғызстанның конституциясы бойынша уақытша президент жұмысын тастап, президенттік сайлауға түсе алмайды. Қазір мемлекет басшысының құзыреті Жапаровтың қолында. Желтоқсан айында ол отставкаға кетіп, президенттік сайлауға түсемін деді.

Біздің билікте іс-әрекеттер қазір конституция бойынша емес, оған қарсы жүргізіліп жатыр. Мысал ретінде Жогорку Кенештегі тағайындау, шешім қабылдау сынды көптеген жағдайды айтуға болады. Биліктегі саяси тартыстар анархияға айналып кетті. Конституцияны бір бұзып алғаннан кейін билік тура жолдан жаңылып қалды.

Ата заңды расымен сақтауға ұмтылса, Садыр Жапаров сайлауға қатыспауы тиіс. Жұмысын тастап отставкаға кете алмайды, міндетін аяғына дейін атқаруы қажет. Бірақ қазір көріп отырғанымыздай, оның мақсаты – 10 қаңтарда өтетін сайлауда жеңіп шығып, заңды президент атану. Бұл енді референдумға байланысты.

СООРОНБАЙ ЖЭЭНБЕКОВ ТЕ СОТ АЛДЫНДА ЖАУАП БЕРУІ МҮМКІН

- Қырғызстанда саяси тұлғалар жиі қамалып жатады. Бұрынғы президенттен бастап, премьер-министр, министрлер, облыс, қала басшылары, оппозиция өкілдері және тағысын тағы. Тіпті, қылмыс әлемінің серкесі Камчыбек Кольбаев та жуырда тергеу изоляторына жабылды. Алда сайлау жақындағанда бұл тізімнің қатары толығуы мүмкін бе?

- Биліктегі «ашық айқас» қазір аздап басылды. Саяси тұлғаларды қудалау жүріп жатқан жоқ. Бабанов пен Текебаевтың мәселесі әлі жабылған жоқ. Егер саяси бәсекелестік күшейіп немесе оларды саясаттан аластатамыз десе, Бабановты да, Текебаевты да сотқа тартудың жолдары жеңіл. Сот ісі Атамбаевтың уақытында ашылып, Жээнбековтың кезінде де жабылмаған.

Жуырда Кеден қызметі төрағасының экс-орынбасары, жемқорлықпен танылған Райымбек Матраимов пен ұйымдасқан қылмыстық топ лидері Камчыбек Кольбаевты ұсталды. Мұнан кейін ел арасында көптеген күмәнді сөз тарады. Мәселен, үкіметке келген Жапаровтың өзі саяси тұлғаларға ықпалын жүргізіп келген Кольбаевтың адамы деген сөздер бар. Садыр Жапаров осындай алып-қашпа сөзден құтылып, өзінің статусын күшейтуді ойлап жатқан болуы керек. Кольбаевтың қамалуының басты себебі – сайлау кезінде саяси адамдарға ықпал етуіне жол бермеу және Жапаровтың адамы дегенді жоққа шығару. Шындығында, Камчыбектің түрлі саяси топтармен байланысы бар. Өзге саясаткерлерді ашық қудалау болып жатқан жоқ.

Сондай-ақ Сооронбай Жээнбековтың өзін жауап алуға шақырып, сотқа тартуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Біріншіден, коронавирусқа қарсы дайындықтың болмауы, індеттің жаппай таралуына жол бергені үшін экс-президентті кінәлау бар және оған медицинадағы коррупция қосылады. Екіншіден, 4 қазан күні өткен сайлауда манипуляцияға барды деп те айыпталуы мүмкін. Ең соңғы мәселе, жемқорлыққа барған тұлғаларды және бандиттік әрекеттерді тоқтатпай, қоғамдағы іске әділ қарамауы. Осы жағдайлар арқылы экс-презиентті оңай қыспаққа алауға болады. Бірақ Жээнбеков Атамбаев сияқты билікке араласа бермей саясаттан тыныш кетсе, бұл айыптаулардан құтылуы мүмкін.

БИЛІККЕ ТАЛАС КІМДЕРДІҢ АРАСЫНДА ЖҮРЕДІ?

- Алдағы президенттік сайлауда үміткерлер тізімінен кімдерді көре аламыз? Қандай саяси топтар бір-біріне басты қарсылас саналады?

- Алдымен Адахан Мадумаровты атай алам. Ол «Ата-журт» партиясының негізін қалаушы.  Мемлекеттік хатшы, Жогорку Кенештің депутаты, вице-премьер сынды қызметтерді атқарған. Оны негізінен, еңбек мигранттары мен ауыл адамдары қолдайды.

Сосын Қырғызстандағы ең көрнекті депутаттардың бірі болған – Омурбек Текебаев бар.

Бұрынғы премьер-министр, бизнесмен Омурбек Бабанов сынды адамдар да президенттік бәсекеге түсе алады.

Кандидаттардың тізімі әрине, бұдан да көп болады. Саяси топтар көп. Атамбаевтың жақтастары, үзеңгілестері, балалары бастаған топ бар. Бабановтың «Республика» партиясына жиналған тағы бір саяси топтың ықпалы жоғары. Бұл партияның мүшесі Руслан Қазақбаев қазір Сыртқы істер министрі болды. «Республика» партиясына негізінен іскер азаматтар, ірі бизнесмендер жиналған.

Омурбек Текебаевтың «Ата Мекен» партиясы және оның қасына жиналған депутаттардың тобы тұр. Бұл жаққа көбінесе өздерін оппозиция санайтындар келеді. Ел басқаруда парламентаризм жүйесін қалайтындар топтасқан.

Тағы бір ықпалды топ бар – ол өздерін реформаторлар санайтын жастардан құралған. Олар либералистік ұстанымдағы «Бир бол» партиясына шоғырлану арқылы саясатқа араласып келеді. Оның жетекшісі - Алтынбек Сулейманов.

Сосын әрине, қазіргі премьердің жақтастары да бұл сайлауда белсенділік танытады.

ҚЫРҒЫЗДЫҢ ИДЕАЛ ПРЕЗИДЕНТІ КІМ?

- Осыған дейінгі президенттердің барлығы дерлік халықтың көңілінен шыққан жоқ. Қырғызстанға қандай президент қажет?

- Қырғызстанға саяси командаластарын іскер топтан жинай алатын, экономиканы жақсы түсінетін президент керек. Бұған дейінгі президенттер саяси тартыспен жүрді. Экономикаға көп мән бермей, оны тек саяси тартыстың құралы ретінде қолданды. Экономикалық реформалар жасай алмады.

Садыр Жапаров Қырғызстанда беделді саяси фигура саналмайды. Оның саясатта тәжірибесі аз. Құрманбек Бакиевтың кезінде үкіметте қысқа мерзімде жұмыс істеп қалған. Министр, губернатор немесе мэр сынды лауазымды қызметтер немесе саяси партияның жетекшісі болған емес. Қалың ел үшін Жапаровтың кім екені, оның іскерлігі, саясаткерлігі толықтай мәлім емес. Елдің білетіні – Жапаровтың дене тәрбиесінің мұғалімі болып оқығаны, митингілер ұйымдастырғаны, Жогорку Кенеште депутат болып тұрғанда қамалғаны.


Садыр Жапаров Бішкектегі митингте

5 қазаннан бастап саяси тұлғалар билікке таласып жатса да, Жапаров жеңіп шықты. Оған билікті ешкім садақаға немесе сыйлыққа берген жоқ. Ол билікті тартып алды. Халықты белсенді жұмылдыра білді. Оны көбіне ауылдан келген адамдар, консервативті казқарастағы адамдар қолдады. Бізде діни ұйымдардың саясатқа араласуына жол жоқ. Сондықтан дін адамдары да оны қолдады деп айтады.

Жапаровтың имиджнің көтерілуі – халыққа жақын болуында. Оның жақтастарының арасында интеллигенция, интеллектуалды жастар, бизнесмендер жоқ.

- Әңгімеңізге рахмет!      

Сұхбаттасқан Әмірболат Құсайынұлы
Фото авторы: Әсет Құндақбаев

Серіктес жаңалықтары