$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.09.2019, 14:11
Саясат

Қытайға қарсы наразылық: үрей, әлде мүдделер қайшылығы?

Сарапшылар Қазақстанда белең алған синофобияның себебін түсіндірді

Қытайға қарсы наразылық: үрей, әлде мүдделер қайшылығы?
Фотоколлаж

АҚШ- ҚЫТАЙ САУДА СОҒЫСЫНЫҢ КЕЗЕКТІ РАУНДЫ

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысына қатысты келіссөздерге қазір әлемдік қауымдастық көз тігіп отыр. Екі ел арасындағы сауда түйіткілдерінің келесі раунды қазан айында Вашингтонда жалғасады.

Тараптар қытай-америка арасындағы жоғарғы деңгейдегі келіссөздердің 13-раундын биыл қазан айының басына жоспарлап отыр. Бұл кездесуге АҚШ жағы бастама  танытқан. Елдің сауда өкілі Роберт Лайтхайзер мен Қаржы министрі Стивен Мнучин Қытай Мемлекеттік Кеңесінің вице-премьері Лю Хемен телефон арқылы сөйлесуге ниет білдірген. Бұл туралы Қытай коммерция министрлігінің ресми сайтында жазылды.

Алайда, әлем баспасөздерінде АҚШ Президенті Дональд Трамптың сауда соғысына орай айтқан соңғы пікірі қызу талқыланып жатыр. Ақ үй басшысы «Қытайдың АҚШ-пен сауда мәселесінде келісімге келгеннен басқа амалы жоқ. Себебі ресми Бейжің арадағы қарым-қатынастарды жылдам реттеуге мүдделі, Қытай экономикасы үлкен шығынға батып жатыр. Ал АҚШ тарапы бұдан тек ұтады» деді.  Айта кету керек, бұған дейін жүргізілген келіссөздер нәтижесінде  екі ел арасындағы жаңа салықтық келісімдер биыл 1 қыркүйекте күшіне енді. Америка құрама штаттары 300 млрд. долларға бағаланатын қытайлық жекелеген тауарларға импорттық баж салығын 15 пайызға дейін көтерді. Қытай тарапы оған жауап ретінде АҚШ-тан келетін тауарларға да алымды  арттырып, ДСҰ-на протест жолдады.

«АҚПАРАТ КЕҢІСТІГІ ЭМОЦИЯ МЕН ҚАУЕСЕТКЕ ТОЛЫ»

Халықаралық басылымдар алпауыт елдер арасындағы сауда-саттық көлемін сараптап,  табысын есептеп жатқанда, елімізде шығыстағы көршімен қарым-қатынасты қайта қарау күн тәртібіне шықты. Қазақстан кей мәселеде бытыраңқы, жемқорлыққа салынған әлсіз ел ретінде бейнеленеді. Тиісінше Қытай экспансиясына қарсы қауқары қалмады деген айқай күшейіп келеді. Саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, жоғарыдағы әлемнің екі алпауыты арасындағы текетіресте кімнің жеңімпаз болатыны біз үшін аса маңызды емес. Тек ескеретін бір нәрсе бар, қуатты мемлекеттердің тартысы халықаралық тәртіптің бұзылмауын сақтайды. Өйткені, әлемге бір ғана алпауыт ел билік жүргізетін болса, оның басқа елдерге өктемдігі өрши түседі.

Қыркүйек айының 4-і күні басталып, еліміздің бес қаласында алаңдар мен жергілікті атқарушы билік ғимараттарының алдына топтасқан адамдардың талабына қатысты сарапшының пікірін сұрадық. Одан бұрын қыркүйектің 5-і күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен баспасөз мәслихатында айтылған ақпаратқа тоқталсақ.

Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, Қытаймен біріккен 55 жоба жоспар бойынша жүзеге асырылып жатыр. Осы күнге дейін 4 млрд. АҚШ долларына бағаланатын 15 жоба жұмыс істей бастаған.  Жаңа заманның даму үрдісіне сай келетін жобалардың ешқайсысы Қытайдың ескі зауыттары емес. Жаңа кәсіпорындар, олар  болашақта 20 мың жергілікті адамға жұмыс тауып береді, деді үкімет басшысының орынбасары.

Осы орайда саясаттанушы Расул Жұмалы Қытай үкіметі мен Қазақстан билігінің назардан тыс қалдырған кейбір мәселелеріне тоқталды.

«Қытай жағы тек экономикалық мүдделерді көздесе, неге оны ашық айтпайды? Ақпараттық алаңда синофобияны басатын, шын мәнінде олай емес екенін түсіндіретін мәлімдемелерді көрмей отырмыз.  Осындайда қазақ үкіметі елде қытай экспансиясы болуы мүмкін емес екенін айтып ақталудан басқа амалы жоқ. Оның үстіне  біздің билік көптен бері дауға айналған «55 зауыттың салынуына» байланысты ашық мәлімдемелер мен толыққанды ақпараттарды шығармай келді», - дейді саясаттанушы.  

«Күдіктердің сейілмеуіне үкіметтің өзі түрткі болды. Біз Қытайдың Қазақстандағы салынатын кәсіпорындарына қатысты бұған дейін қанша рет ақпарат сұрадық. «Жаңа Қазақстан» ұйымының атынан да сауал жолдаған болатынбыз. Ақпаратты толықтай ашпау, халықтан жасырып отырудың кесірі эмоциялар мен қауесеттерді күшейтті. Осы кеңістіктің орнын енді кешегідей митингтер мен бас-көзі жоқ «айғайлар» толтырып жатыр. Үкімет  бір жағынан жер мәселесіне қатысты нақты позициясын айтқандай болады да,  екінші жағынан қытай кәсіпорындары, ондағы мыңдаған жұмысшылар мен жер емген диқандарға қатысты сұрақтарды көтергісі келмеді. Шын мәнінде өз халқымызға қажетті шешімдер болса,ел түсінер еді. Бірақ оны дұрыстап түсіндіруде жұтаңдық сезіледі», - дейді Р. Жұмалы.

Сондай ақ, саясаттанушы Қытай мен Қазақстан арасындағы барлық сала бойынша сараптамалық материалдың жетіспеушілігі кері әсерін тигізіп жатқанын айттты.

«Жалпы алғанда елдегі ксенофобияға, соның ішінде қытай үрейіне  орыс баспасөзінің де ықпалы ерекше. Арандатушылыққа толы бастамалардың артында басқа бір күштердің мүддесі сығалап тұратыны белгілі. Осындайда қазақ мүддесі үшін жұмыс істейтін баспасөзге қолдау қажет еді. Қытай мен Қазақстан арасындағы барлық сала бойынша сараптамалық материалдар, мақалалар, ток-шоулар жетіспей отыр. Мұндайда халық ресейлік, батыстық көзқарастағы  ақпараттық ағынға еріп кететіні көріп отырмыз. Ендеше көрінгеннің жетегінде жүрген адамға «біреуге қарсы көңіл күйді» таңып жіберу қиын емес», - деп қорытындылады әңгімесін.       

«СИНОФОБИЯНЫҢ КЕСІРІ ТУРАЛЫ ҚЫТАЙ ӨЗІ ДЕ ОЙЛАНСЫН»

Шығыстанушы ғалым Нұржамал Алдабек Қытай тарихи сананың экономика мен саясатқа тигізетін салқынын түсінетін бірден бір мемлекет екенін айтады.  

«Қытай үрейі» ертеден келе жатқан үрдіс болғанымен, бұл қытайлықтардың өздеріне қашан да тиімсіз таңдау. Олар мұны жақсы түсінеді. Әлемдегі қуатты елдер арасындағы өзара бәсекелстік шарықтау шыңына көтерілген уақытта, Қытайдың өзінен әлсіз елдерге басқыншылық пиғылды ойлауға ешқандай мұршасы жоқ. Қытай одан да маңызды стратегиялық бастамаларды жолға қойып, Батыс елдеріне деген экономикалық күресті үдете түсуді ойлап отыр», - деп түсіндірді шығыстанушы.   

«Қытай әлемнің екінші экономикалық алпауытына айналды. АҚШ-тың өкшесін басып отыр. Әрине, бұл Америкаға ұнамайды. Өйткені,17 ғасырдан бері Батыс Шығысқа әмірін жүргізіп келді. Шығыстағы ел тәуелді болуы керек. Ал батыстықтар өзінінің ғылыми техникалық прогрессивті дамуы мен демократиялық саясаты арқылы қашан да үстемдіктен айырылғысы келмеді. Міне, осы сеңді Қытай мен Оңтүстік-шығыс Азия елдері ғылыми-техникалық революция жолымен бұза алды», - дейді ғалым.

Ғалым Н.Алдабек  синофобияның қатты белең алу себебін түсіндіріп өтті.

«Трансұлттық корпорациялар арқылы АҚШ әлемдік сауда желісін өз бақылауында ұстап отырғанда, Қытайдағы коммунистік биліктің бесінші буыны «Бір белдеу- бір жол» стратегиялық жоспары арқылы құрлықтағы сауда жолы деген саясатын қолға алды. Ол үшін Қазақстан аумағының маңызы зор. Еуропаның 18 мемлекетіне Ұлы Жібек жолының бағытымен тауар жеткізуде Қытайға жау емес, әріптес керек. Осы бағыт бойынша оның экономикалық саясаты күшейген сайын, көршілері үрей құшағына ене берді. Осындай жағдайда синофобияның белең алуы заңдылық», - дейді.

«Десе де ксенофобияны ақтап алуға тұратын факторлар да бар. Оны ең алдымен қытайлар өздері ойлауы керек. Әлем халқы неге осы қытайланудан сескенеді, наразылық басым, неге үрей бар деген сияқты ойларға ресми Бейжің өзі де жауап іздеуі тиіс. Ал кейбіреулердің  Қытай Қазақстанды менсінбейді,  бізді қайтсін деген пікірі қате. Қытайдағы "Бір белдеу- бір жол" жобасының негізгі өзегінде Қазақстан  тұр. Бұл старатегиялық жоспарды іске асыру механизмінде Си Цзиньпин үстемдікті емес, әріптестікті қалайды», - дейді қытайтанушы маман.

«Құны 28 млрд. АҚШ долларына бағаланған әлгі 55 жобаның төңірегіндегі дау аяқ астынан шыға қалған жоқ. 2015 жылы олардың саны 48 болатын, қазір 55-ке жетіп отыр. Біздің үкімет инвестиция тарту кезінде елдің мүддесін ескерусіз қалдыруы мүмкін емес. Қытай жағы да әр жобаға қаржы салмас бұрын мың рет толғанатыны екібастан белгілі. Қазір бұл жобалар сатылап жүзеге асып жатыр. Бірақ осыны жалаң ұранмен дауға айналдыру кімге қажет? Үшінші бір күштердің бар екені рас. Шалғайда отырып, бәсекелесін ксенофобияның нысанына айналдыру, сол арқылы дүрбелең тудыруға ілесіп кетпеуіміз керек», - деп түйіндейді Нұржамал Алдабек.    

Қытайдың  кез келген елді басып алатын әлеуеті болса, өз ішіндегі Тайванды тәуелсіздігінен айыратын еді. Гонконгтың да бөлініп кетуі Қытайдың  территориялық біртұтастықты да толық қамтамасыз етпеген ел деген репутациясын ешкім жоққа шығармайды. Ендеше көрші елдерге қандайда бір басқыншылық пиғылын байқатса, Ресей де өз азуын көрсетіп қалатынын, ал ұлы державалар ортасындағы стратегиялық аумақтың дербестігіне алыста отырса да АҚШ-тың мүддесі барын Қытай білмей отырған жоқ. Танымал ағылшын саясаткері айтқандай,  «Британияның досы да дұшпаны да жоқ, тек мәңгілік мүддесі бар» деген қағиданы ұмытпау керек.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары