Б.Нұрымбетов: «Kaspi Red»-пен алынған қарыз да кешіріледі»
«Бұл бір реттік науқан. Жарғының талаптары бойынша несие төлеу кезінде отбасының табысына шектеу қойылмаған»,- дейді министр
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов тұрмысы төмен азаматтардың қарызын кешіру кезінде «Kaspi Red»-ке қатысты көпшілік тарапынан туындаған сұраққа жауап берді. Министрдің айтуынша, тізімге іліккен азаматтардың тұтынушылық несиесі өтеледі. Оның қандай мақсатта рәсімделгені ескепке алынбайды. «Азаттық рухы» тілшісінің сұрағына жауап берген министр «Бұл бір реттік науқан. Жарғының талаптары бойынша несие төлеу кезінде отбасының табысына шектеу қойылмаған»,- деді.
Еске салайық, Президент Қ.Тоқаев 26 маусымда жағдайы төмен азаматтардың қарыз жүктемесін азайту туралы жарлыққа қол қойды. Бүгінгі таңда 507 мың адамның несие қарыздары өтелді. Банктер алдында 300 мыңға дейінгі ақшалай қарызды өтеу 5 санат бойынша жүргізіледі. Аталған қарыздар бойынша борышкерлер көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар, мүгедек балалары бар, 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар, атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар, ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айрылған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар.