Жеңіс Қасымбек жаңа орынбасарын таныстырды

Нұрсұлтан Жиенбаев энергетика, ТКШ және ТЖ мәселелеріне жетекшілік етеді

Жеңіс Қасымбек жаңа орынбасарын таныстырды
Фото: gov.kz

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып Нұрсұлтан Жиенбаев тағайындалды. Бұған дейін ол Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «ТКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасы болып жұмыс істеді. Жаңа лауазымда Нұрсұлтан Жиенбаев өңірде энергетика, ТКШ және ТЖ мәселелеріне жетекшілік ететін болады.

Еске сала кетейік, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды қаласының әкімі болып тағайындалды.

Нұрсұлтан Жиенбаев 1981 жылы дүниеге келген, екі жоғары білімі бар. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін (халықаралық құқық) бітірген, Сколково Мәскеу басқару мектебін – (іскерлік басқару шебері) бойынша бітірген. Массачусетс технологиялық институтының «Заттар интернеті: бизнес модельдері мен мүмкіндіктері» бағдарламасының және Саид бизнес-мектебінің «Блокчейн стратегиясы» бағдарламасының сертификатталған маманы.

Еңбек жолын «Қазақгаз» Республикалық компаниясы» ААҚ клиринг департаментінің келісім-шарттар жөніндегі менеджері болып бастады. Мемлекеттік сатып алу жөніндегі агенттікте, «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» АҚ-да жұмыс істеді. «Kazakh Invest ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болды. 2017 жылғы қыркүйектен бастап қазіргі уақытқа дейін ТКШ жаңғырту және дамыту қазақстандық орталығының басқарма төрағасы болып жұмыс істеді.

Үйленген, төрт бала тәрбиелеп отыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.