Праймериз: «Nur Otan» партиясының ақпараттық жүйесінде тіркелген мүшелердің 84,2% дауыс берді – Арман Қырықбаев
81,5 мың адам өз даусын бюллетень арқылы берген
«Nur Otan» праймеризі мәреге жетіп, партия жетекшілері саяси науқанның нәтижесін шығаруға дайындалып жатыр. Онлайн-дауыс беру нәтижелері анық. Қазіргі таңда қағаз бюллетеньдердің барлығы партияның Орталық ұйымдастыру комитетіне жеткізіліп, расталды дейді партия хатшысы Арман Қырықбаев.
Оның айтуынша, төрт күн бойы «Nur Otan» партиясының ақпараттық жүйесінде тіркелген мүшелерінің 662 687-cі немесе 84,2%-ы дауыс беруге қатысқан. 581 104 адам партиялық онлайн-форматта дауыс берсе, ал 81 583 нұротандық дәстүрлі түрде қағаз бюллетеньмен таңдауын жасаған.
«Осы көрсеткіштердің өзі-ақ елімізде ғана емес, бүкіл Орта Азияда тұңғыш рет ұйымдастырылған жаңа саяси құрал – праймеризге жұрттың ерекше қызығушылық танытқанын және оның өз деңгейінде өткенін айқын көрсетті», - деп жазды А. Қырықбаев өзінің Facebook-парақшасында.
Ресми мәліметке сүйенсек, праймеризде бақ сынауға 10 990 адам тіркелген, олардың 36,7%-ы әйелдер болса, 29%-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Қатысушылардың орташа жасы – 43 жас.
«Біріншіден, партия праймериздің арқасында өз қатарластары арасынан елдің қолдауы мен сеніміне ие болған үздіктерді іріктеді. Екіншіден, праймериз өткізу барысында партияның ауызбіршілігі артып, ортақ мақсат жолындағы мұраттас жандардың біртұтас күшіне айналды. Яғни, праймериз партияластарды бір-бірімен тығыз байланыстыратын, бірлігін бекемдейтін дәнекерлік қызмет атқарды», - дейді партия хатшысы.
Праймериз барысында халықтың назарына ұсынылған 216 сайлауалды бағдарламаның жобасы ой елегінен өткізіліп, оған 20 мыңнан астам ұсыныс жиналған. Жалпы, аталған саяси додада жеңілгендер болған жоқ дейді партия жетекшілері.
«Біз елімізде өткен праймеризде оның шет елдерде қалыптасқан классикалық үлгісіне тән белгілердің барлығы да көрініс тапқанына куә болдық. Қатысушылар арасында пікірсайыс та, тартыс та, тіпті, кейде бір-бірін айыптау да ұшырасты. Бірақ бәрі де бекітілген ережеге сай, әдептен аспай өтті. Бұл жерде жеңген мен жеңілген деген жоқ. Бәрі де ұтты. Праймериз ең алдымен, еліміз үшін игі іс болды», - деді Арман Қырықбаев.
Саяси дода болғандықтан, оның талап-ережелерін бұзғандар да аз болмаған. Барлығы 30-дан астам адамнан шағым түсіпті.
«Праймериз өткізу ережесін бұзғаны үшін партияның 20 мүшесі жауапкершілікке тартылды, дауыстарды бұрмалау фактілері үшін 7 кандидат, праймериз өткізу ережесін сақтамағаны үшін 27 үміткер тіркеуден шығарылды», - деп жазды хатшы.
Айта кетейік, праймериздің толық нәтижелерін «Nur Otan» партиясының ресми сайтынан немесе primaries.kz сайтынан көруге болады.