Қазақстан мен Люксембург арасында қосарланған салық салу мәселесі шешілді
Сенат екі ел арасындағы қосарланған салық салуды болдырмау туралы хаттаманы ратификациялады
Люксембург аумағында тіркелген кәсіпорындарда акцияларды иелену кезінде Қазақстан Үкіметіне төленетін дивидендтер салық төлеуден босатылады.
ҚР Сенаты депутаттары «Қазақстан Үкіметі мен Люксембург Үкіметі арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қабылдады.
Құжатқа 2019 жылдың 14 қазанында қол қойылды.
«Қолданыстағы конвенцияға толықтыру енгізу төленетін дивидендтерді мемлекеттік меншікке байланысты салық салудан босату арқылы ел бюджетінің мүддесін қорғау қажеттігінен туындады», - деді палатаның жалпы отырысында заң жобасын таныстырған ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Министр заң жобасында дивидендтердің нақты иелері нақтыланғанын түсіндірді. Қазақстанда бұл – Қазақстан Үкіметі, орталық немесе жергілікті билік органдары, ҚР Ұлттық банкі немесе Қазақстан Үкіметіне толық тиесілі кез келген басқа мекеме.
«Хаттаманың мақсаты - Люксембург аумағында тіркелген кәсіпорындарда акцияларды иелену кезінде Қазақстан Үкіметіне төленетін дивидендтерге (5%) салық төлеуден босату», - деп толықтырды Ерұлан Жамаубаев.
Министрдің айтуынша, хаттаманы жүзеге асыру мемлекеттік бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді.
«Аталған хаттаманың екі мемлекет арасындағы салық салу мәселелеріндегі заңнамалық база ретіндегі маңызды рөлін атап өту қажет», - деп түйіндеді Қаржы министрі.