$ 503.61  524.96  5.58
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.10.2020, 15:33
Саясат

Әзірбайжанның осы жолы Қарабақты басып алу ықтималдығы жоғары – сарапшы

Екі ел арасында әскери қақтығыстар әлі жалғасып жатыр

Әзірбайжанның осы жолы Қарабақты басып алу ықтималдығы жоғары – сарапшы

1 қазанда Армения мен Әзірбайжан арасындағы қақтығыс күшейе түсті. Ресми Баку армян әскері Әзербайжанның Физулин ауданындағы Горадиз қаласын атқылағанын хабарлап жатыр. Ресейлік БАҚ Тертер ауданы артиллериядан атқыланғанын жазды. Снарядтар елді мекен маңындағы жанар-жағар май құю бекетінің қасына түскен. Құзырлы органдар оқиға орнында 1 адамның қаза тауып, кем дегенде 3 адамның жараланғанын мәлімдеді.  

Кеше түстен кейін Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев соғысты тоқтатуға байланысты өз талабын жария етті. Мемлекет басшысы армян әскері Таулы Қарабақты толық тастап шыққан жағдайда ғана жағдайдың бейбіт шешілетінін мәлімдеді. Ол Бакудегі әскери госпитальге барған кезде Армения премьер-министрінің қойған 7 талабын қабылдамайтынын айтты. 

Әлиев өз әскерін осы алған бетінен қайтпауға шақырды. «Осы күнге дейін бақылауға алынған аймақтар уыстан шықпайтын болады. Біз осылайша тарихи әділеттілікті орнатып, оккупацияланған жерлерді қайтарамыз, сөйтіп Әзірбайжанның территориялық тұтастығын қамтамасыз етеміз», - деді И.Әлиев. 

Ал дәл осы кезде Армения Таулы Қарабақтың егемендігін мойындау әрекетімен әуре болып жатыр. Үкімет отырысында Никол Пашинян Қарабақпен әскери әріптестікті барыншы күшейтуге күш салатынын мәлімдеген. 

ӘЗІРБАЙЖАН МЕН АРМЕНИЯ СОҒЫСЫ ҰЗАҚҚА СОЗЫЛАДЫ

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі елдегі танымал саясаткерлердің пікірін тыңдап, жағдайдың ары қарай қалай өрбитінін сараптап көрді. Қазақстандағы Азия зерттеулер институтының директоры Сұлтан Әкімбеков жағдайдың бақылаудан шығып бара жатқанын айтады. Бірнеше күндік соғыс әркімнің өз позициясын күшейтуге бағытталды. Әзірбайжан ұзаққа созылатын соғысқа дайын екенін білдірді. Бұл мемлекеттер барлық ресурстары сарқылғанша қақтығысуға дайын отыр. Бұл тұрғыдан Әзірбайжанның басымдығы жоғары дейді саясаттанушы. 

«Сөз жоқ, Әзірбайжан Түркияның қолдауына сүйенеді. Сол себепті,  көзсіз шешімдерге барып отыр. Егер 2016 жылды еске алатын болсақ, 4 күндік соғыс болған еді. Әзірбайжан тез арада келіссөздер үстеліне отырып, өз позициясын бейбіт жолға қиған болатын. Ал қазір Әзірбайжан жағы оккупацияланған 7 ауданды босатпайынша тоқтамауға бекініп отыр. Тисініше, Армения жағы да артқа шегінгісі жоқ. Бұл тараптардың өзара қырқысуы ұзаққа созылатынын байқатып отыр», - дейді Сұлтан Әкімбеков.

Ең қиыны – текетірестер екі елдің де экономикасын құлдырататыны рас. Оның үстіне, Таулы Қарабақтың таулы аймақ екенін аты айтып тұр. Сондықтан қарулы қақтығыстардың ұзаққа созылатынын, қиын текетірестер болатынын болжау қиын емес. «Қарабақта армяндар 25 жыл бойы нығайып, позициясын күшейте түсті. Сол себепті, бұл соғыс ресурстар түгесілгенше жүреді дегенім сол» дейді сарапшы. 

«Арменияның ОДКБ-дан көмек сұрауға құқығы бар, себебі олар соғысты бастаған Әзірбайжан және аумаққа басып кірді деген ұстанымда. Алайда, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы келіссөздерге шақырады, ал негізгі ойыншылар – Қазақстан, Ресей бұл қақтығысқа араласқысы келмейтіндей ыңғай білдіріп отыр. Әскери тұрғыдан да ОДКБ Арменияны қолдай қояды дегенге сенбеймін. Соғыс Арменияның аумағына кірмейтін аудандарда жүріп жатыр. Таулы Қарабақ мойындалмаған территория, тиісінше, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының араласуына құқығы да жоқ», - деп есептейді Қазақстандағы Азия зерттеулер институтының директоры Сұлтан Әкімбеков.

Қазір Әзірбайжанның Физулин, Жабраил сияқты 7 ауданында соғыс күшейді. Бұл аумақтар – Әзірбайжанның тарихи жерлері. Екі тараптың да халқы соғысқа патриоттық тұрғыдан қарағанда дайын екенін айтып жатыр. Сол себепті, екі елдің билігі үшін де қиын кезең туды, артқа шегінуге жол жоқ. Бұл аймақтағы жағдайды шайқалтуға әкеле ме, белгісіз. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі, Ресей, Франция қазір жағдайды сырттан бақылап отыр.

ӘЗІРБАЙЖАННЫҢ ОСЫ ЖОЛЫ БӘСІ ЖОҒАРЫ – ӘКІМБЕКОВ

Әзірбайжанның осы жолы армяндардан аумақты тартып алуға барлық мүмкіндігі бар. Әлем елдерінің де позициясы іштей болса да осыған келеді. Себебі бұл жер ертеден Әзірбайжан Республикасына тиесілі. Түркия да текетіреске барлық жауапкершілікпен араласып отыр дейді саясаттанушы. 

«Түркияның араласуынсыз конфликт күшеймесе, саябырсымайды. Соңғы 10 жылда Әзірбайжан Республикасы мен Түркия арасында ықпалдастық күшейе түсті. Әскери тұрғыдан, экономикалық жағынан көмекке келгенде түріктер аянып қалған жоқ. Анкара тек Әзірбайжан ғана емес, Ливия, Сирия және Жерорта теңізі шельфі бойынша да позициясын күшейтіп келеді. Түркия президенті Ердоған шешімді жылдам қабылдайтын адам. Ол мұны бірнеше рет дәлелдеді. 

Мұнда Түркия болмаса, Әзірбайжан бұл соғысқа бас сұқпас та еді. Логистикалық жағынан, қару-жарақ жеткізу тұрғысынан арқа сүйейтін бір ел болмаса, соғысу мүмкін емес. Түркиялық байрақтардың да (Түркияның жедел тактикалық ұшу аппараттары - авт.) қолдауы Әзірбайжанға керек. Нахичеван жағында да Түрік Республикасының әскери базасы дайын тұр. Бұл да армяндардың жүйкесіне тиетін жағдай», - дейді С. Әкімбеков.  

Түркия мұны не үшін жасап отыр дегенге келсек, сарапшының пікірінше, бұл – Ресеймен қалыптасқан тарихи текетіреспен де байланысты. Армения мен Түркия арасында да ғасырларға жалғасқан қырғиқабақтық тағы бар. Кейбіреулер Ішкі Анадолы елі осы қадамы арқылы ел ішіндегі экономикалық қиындықтардан халықтың назарын басқа жаққа аударуға тырысады деп те қарайды. Себебі, елде лираның құны түсті, экономика құлдырады, мұндай қақтығыстар халықтың кейде рухын көтеріп, қоғамда отансүйгіштікті артырады деген түсінік басым дейді сарапшы. 

БАР ҮМІТ МИНСК ТОБЫНДА БОЛАТЫН, ЕНДІ НҮКТЕНІ СОҒЫС ҚОЯДЫ  

Қазақстан қашанда бейбіт келісімдердің жақтаушысы болған. Тіпті, бір жылдары бұл қақтығыс қатты күшіне енгенде Қазақстанның Тұңғыш Президенті келіссөздер кезінде арағайындық рөлін атқарғаны мәлім. Белгілі бір деңгейде бұл да жағдайды реттеуге, уақытша болса да тоқтатуға өз үлесін қосты. Бірақ ең үлкен жауапкершілік Минск тобында болатын дейді саясаттанушы Талғат Қалиев. 

Айта кету керек, Минск тобы Армения-Әзірбайжан келіспеушілігі және Таулы Қарабақ мәселесінің бейбіт жолмен шешілуі мен тараптар арасында бітімгерлік жасау мақсатымен 1992 жылы құрылды.

Ресей, Франция және АҚШ тең төраға болған Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымы Минск тобы өткен 28 жылда көптеген талпыныс көрсеткеніне қарамай, Таулы Қарабақ мәселесінің бейбіт жолмен шешілуінде нақты нәтиже шықпады.

«Ондаған жыл бойы бұл ұйым тиісті механизмдерді ұсына алмады. Текетірес ұзаққа созылып кетті. Ергістің арты неге соққанын бәріміз көріп отырмыз. Түбінде біреуінің жүйкесі сыр беретіні белгілі еді. Провокация, адамдардың өлімі, ара-тұра болатын атыстардың соңы соғысқа айналатынын тараптар түсінді және оған дайын болды. Шешілмеген жанжалдар дағдарысқа алып келетіні тарихтан белгілі», - дейді Т. Қалиев.

Енді жалпы жағдайға келсек, пандемиядан бас көтере алмай жатқан елдер бар, АҚШ сайлаумен әуре, Ресей өзіне салынған санкциялардан кейінгі экономикалық дағдарыстан шығудан қиналып отыр, оған Беларусь проблемасы қосылды. Еуропа да Беларусь жағдайына алаңдаулы. Оларды Кавказдан гөрі, осы елдің жағдайы көбірек алаңдатады. Бұл дағдарыста өзінің ашық позициясын білдіріп, мәселеге тікелей араласып отырған Түркия ғана. «Сондықтан, соғыс жалғасады» дейді сарапшы. 

«Ал Қазақстанға бұл соғыс тікелей әсер етпейді. Десе де, Каспий теңіз арқылы байланыстарымыз бар. Әзірбайжанмен стратегиялық тұрғыдан қарағанда ағайындық қарым-қатынасымыз да жоғары деңгейде екенін ұмытпау керек. Ескеру керек, бүкіл әлем Таулы Қарабақ Әзірбайжанның аумағы деп мойындайды. Сөйте тұра Армения да осы күнге дейін мойындалмаған Таулы Қарабақ автономдық республикасын ресми түрде өзінің құрамына енгізген жоқ», - дейді саясаттаншуы Талғат Қалиев.

ЖАЛҒАН АҚПАРАТТАР ТАРАП ЖАТЫР – ЕЛШІЛІК МӘЛІМДЕМЕСІ 

Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі Таулы Қарабақ қақтығысы аймағында ұрыс қимылдарының күшеюіне байланысты мәлімдеме жасады. Онда бұл соғысқа Армения тарапынан осы жазда жасалған арандатушылық әрекеттердің себеп болғаны айтылған. 

«Мұның бәрі Әзірбайжанға қарсы кезекті арандатушылыққа дайындық кезеңі болды. Бұл жоспардың кезеңдерінің бірі Армения қарулы күштерінің Әзербайжан Республикасының Армения Республикасымен мемлекеттік шекарасында орналасқан Товуз ауданы бағытында 2020 жылдың 12-16 шілдесінде Әзербайжанның көлік және энергетикалық жолдарын бақылауға алу әрекеттері болды», - делінген мәлімдемеде.

Әзірбайжан тарапы бұған дейін Армениядан әскери агрессияны тоқтатуын, армян қарулы құрылымдарын басып алынған жерлерден шұғыл және бұлтарыссыз шығуын талап етіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің №822, 853, 874, 884 қаулыларына және жанжалды әділ шешуге байланысты басқа да халықаралық құжаттарға қайшы әрекеттер істеп отырғанын айтып айыптады. 

«Осы процестердің және болжалды оқиғалардың дамуының логикалық салдары ретінде 2020 жылдың 27 қыркүйегінде шамамен, таңғы сағат 06.00-де армян қарулы күштері бүкіл майдан бойында қайтадан арандатушылық жасап, ауыр қару-жарақ пен артиллерияны қолданып, майдан шебі бойындағы бейбіт тұрғындар мен елді мекендерге оқ жаудырды. Осының салдарынан Әзірбайжанның бейбіт тұрғындары қаза тауып, жарақат алды.

Армения-Әзірбайжан Таулы Қарабақ қақтығысында бірқатар мүдделі тараптар бар екенін атап өткен жөн. Осыған байланысты, біз бауырлас Қазақстанда жұмыс істейтін кейбір тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстарда басып алынған территорияларда өзін-өзі жариялаған Таулы Қарабақ Республикасының сепаратистік режим құрылымдары таратқан жалған ақпаратқа, сондай-ақ басқа елдердің ақпарат агенттіктерінің бұрмаланған материалдарына сілтеме жасағанына қынжыламыз. Барлық бұқаралық ақпарат құралдарын, журналистер мен жеке адамдарды осы мәселеге мұқият болуға, қақтығыстарда мүддесі бар басқа мемлекеттердің қазақстандық қоғамды адастыруы мүмкін бұрмаланған ақпараты мен ақпараттық ресурстарына сілтеме жасамауға шақырамыз», - делінген Әзірбайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігі таратқан ақпаратта.

Айта кету керек, Қазақстан мен Әзірбайжан арасында 1992 жылдың 27 тамызында дипломатиялық қарым-қатынастар орнады. Осы жылы Әзірбайжан Республикасында Қазақстан Республикасының елшілігі ашылды. 

Ал Армения мен тәуелсіз Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар да 1992 жылғы 27 тамыздағы келісімдер аясында басталған. Тараптар осы жылдары елшіліктерін ашып, байланыстар орнатқан. 

Ришат Асқарбекұлы, Алматы 

Серіктес жаңалықтары