«Ауыл» партиясы праймериз өткізе ме
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы праймериз өткізбейді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында партияның орталық аппаратының басшысы Қуаныш Сейітжанов мәлімдеді.
«Демократиялық қоғамда партиялардағы ішкі іріктеу жүйесі әр түрлі өткізіледі. Егер сіз осы сұраққа нақты жауап алғыңыз келсе, онда «Ауыл» партиясы праймериз өткізуді жоспарламайды. Бірақ біздің өңірлерде партияның 17 филиалы, 200-ден астам аудандық партия ұйымдары, 500-ден астам бастауыш партия ұйымдары бар. Осы уақыт ішінде партия белсенділері іріктелді. Яғни, біздің партия ұстанатын стратегия сәл өзгеше. Демек, біз басқа партиялардың әрекеттерін қайталауға міндетті емеспіз», - деп түсіндірді Қуаныш Сейітжанов.
Оның айтуынша, «Ауыл» партиясы белсенділерді басқаша іріктейді.
«Іріктеу кезінде партияның өңірлік мүшелерін ескеретін боламыз», — деді Қуаныш Сейітжанов.