$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.09.2020, 17:15
Саясат

«Жастар-Отанға!» бағдарламасының ресми таныстырылымы өтті

Бағдарламаны іске асыруға арналған 216 жол картасы әзірленген

«Жастар-Отанға!» бағдарламасының ресми таныстырылымы өтті
Фото: ашық дереккөзден

Бүгін Нұр-Сұлтанда «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында «Nur Otan» партиясының «Jas Otan» Жастар қанаты 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға!» бағдарламасының ресми таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жас қазақстандықтар өмірінің негізгі салаларын қамтитын жастар саясатын дамытуға бағытталған жаңа бағдарламасын тілшілер қауымына «Jas Otan» ЖҚ жетекшісі Елнұр Бейсенбаев таныстырды.

«Nur Otan» партиясының көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 5 жыл қатарынан жүзеге асырылатын «Жастар-Отанға!» бағдарламасының жобасы әзірленді. Бағдарлама үздік отандық аналитиктер мен саясаттанушылардың қатысуымен, жастар мәселесіне қатысты халықаралық ұйымдар және әлемдік үрдістер мен тәжірибелер ескеріле отырып дайындалды. Бағдарламаны дайындау барысында бізге әлеуметтік желілер, онлайн және оффлайн кездесулер мен талқылаулар арқылы 3765 ұсыныс келіп түсті. Сонымен қатар, жақында jasotan.kz сайтында біз бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралармен нақты көрсеткіштер көрсетілген 216 жол картасын жарияладық», - деп атап өтті ол.

Ал «Jas Otan» ЖҚ жастар жобалары және аналитика басқармасының басшысы Нұрзина Қыдыралина бес негізгі бағыт бойынша жұмыс атқаратындарын атап өтті.

«Бүгінде біз негізгі бес маңызды бағыт бойынша жұмыс атқаратын боламыз. Олар еліміздің әр жас азаматы өмірінің барлық саласын қамтиды. Бұл – жастардың азаматтық бастамаларын қолдау, білім беру сапасын арттыру, жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жас қазақстандықтардың бос уақытының тиімді өтуіне атсалысу», - деді аналитика басқармасының басшысы.

Атап өтетіні, партияның жастар қанаты бес жыл ішінде жастар арасындағы жұмыссыздықты 3,7%-ға, NEET үлесін 6,8%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Жол карталарында ауыл жастарына, дәлірек айтқанда олардың бос уақытын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінген. Мысалы, ауылдық жерлерде жалпы 450 мың адамға есептелген спорт нысандары салынатын болады.  Жастар студенттер мәселесін де көтерді. Республика бойынша студенттердің 25%-ын жатақханамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, брифинг барысында ұйым басшысы жасотандықтар Саяси менеджмент мектебімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан жаңа жоба туралы айтып берді. 17 қыркүйектен бастап «Sana» тұлғалық даму мектебі жастарды онлайн-оқытатын болады. Мектеп тыңдаушылары үш модуль, яғни Шешендік өнер, эмоционалды интеллект және көшбасшылық, Интернет-маркетинг бойынша тегін білім ала алады. 

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары