СЭР. РЫЦАРЬ. ПОЛИГЛОТ. Кеңесіне Тоқаев пен Мирзиев мұқтаж болған Чакрабарти туралы
Чакрабарти ЕҚҚДБ басшысы болған тұста Қазақстанға 9 млрд доллар көлемінде инвестиция бөлінген
14 қыркүйекте Мемлекет басшысының өкімімен Сэр Сума Чакрабарти Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық даму жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды.
Естеріңізде болса, бұрын бұл қызметте қазақстандық экономист Олжас Құдайбергенов болды.
Одан бөлек, кеше Президент Тоқаев елдің орнықты дамуын стратегиялық жоспарлау және экономикалық, әлеуметтік және саяси реформаларды тереңдету мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес құру туралы жарлыққа қол қойды. Жаңа кеңестің құрамына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төраға болып кірсе, төрағаның орынбасары Сума Чакрабарти болды.
Арада бір күн өтпей жатып, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиев те Сума Чакрабартиді кеңесші етіп тағайындады. Бұл туралы ол Twitter-парақшасында жазды.
«Жаңа ғана Өзбекстан президенті Мирзиевтің мені экономикалық даму, тиімді басқару және халықаралық ынтымақтастық жөнінде кеңесші етіп тағайындағанын естіп, қуандым. Біз оған реформаларын жүзеге асыруға көмек беруге дайынбыз», - деп жазды ол.
Чакрабарти Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті болған кезде, ЕҚҚДБ Қазақстанға 9 млрд доллар көлемінде инвестиция бөлген. Сондай-ақ ол мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті, «жасыл экономика», шағын және орта бизнесті дамытуға консультативтік көмек көрсетті. ЕҚҚДБ басшысы болған кезде ҚР Президенті жанынан құрылған Шетелдiк инвесторлар кеңесінде тең төраға болды.
«Өткен 27 жыл ішінде ЕҚҚДБ Қазақстанға салған инвестициялар көлемі қаржы, инфрақұрылым, энергетика, ауыл шаруашылығы салаларында, ақпараттық технологиялар мен коммуналдық қызметтер секторларында, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау бойынша 271 жобаға $9 млрд-тан асты», - деді Асқар Мамин 2020 жылдың 3 наурызында ЕҚҚДБ президентімен кездесуінде.
Ал, белгілі экономист-сарапшы Талғат Демесінов Чакрабартидің кеңесші болып тағайындалуы ел экономикасына елеулі өзгерістер әкелмейді деп есептейді.
«Сума Чакрабартидің ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық мәселелер бойынша штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалуы біздің ел экономикасын дағдарыстан алып шығуға, не болмаса, отандық экономиканы жаңа сапалы деңгейге көтеруге ешқандай ықпал ете коймайды деп есептеймін. Менің ойымша, Тоқаев Сума Чакрабарти арқылы Батыс истеблишментінің алдындағы абыройын калыптастырып, Қазақстанға Батыс инвестициясын көбірек тартуға күш салуды жоспарлаған сияқты. Чакрабартидың Еуропалық даму және қайта құру банкінің президенті лауазымында болғанын ескерсек, ол Батыстың билік топтарының ғана емес, қаржылық топтарының да алдында ықпалы мен беделі бар екені түсінікті жайт», - деді ол.
Дегенмен, сарапшы Тоқаевтың кеңесшісі Еуропаның дамыған елдерінен Қазақстанға тартылатын инвестиция көлемінің артуына ықпал етуі мүмкін деген пікірде.
«Чакрабарти ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі ретінде Батыс Еуропаның дамыған елдерінен Қазақстанға тартылатын инвестиция мен қаржы ағымын жандандыруға ықпал етуі мүмкін. Себебі соңғы 4-5 жылдан бері елімізге келетін шетелдік инвестиция көлемі азая бастағаны жасырын емес. Бұрын шетелдік инвестиция көбіне ұлттық экономиканың шикізат секторына келетін болса, енді экономиканың шикізат емес, өндіруші, өңдеуші салаларына, ауыл шаруашылығына, туризм саласына және қаржы саласына құйылатын инвестиция көлемін арттыруға жол ашыла ма деген үміт бар», - деп пікір білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, Сэр Сума Чакрабарти 2020 жылдың 2 шілдесінде ЕҚҚДБ президенті қызметінен кетті:
- Ол ЕҚҚДБ басшы болған тұста нарығы күрделі экономикалық жағдайда тұрған елдерге көмек көрсеткен.
- Қиын геосаяси жағдайдағы елдердің акционерлері мен басқа да мүдделі тараптардың арасында байланыс орнатты.
- Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк және Аймақтық даму банктері арасында мызғымас байланыс орнатты.
Сума Чакрабарти 1959 жылы Үндістанда дүниеге келген. Оксфорд және Сассекс университеттерінің түлегі.
Ол әр жылдары Халықаралық валюта қорында және Дүниежүзілік банкте қызмет еткен. Ұлыбритания министрлер кабинетінде қызмет атқарып, премьер-министр Тони Блэрдің тұсында тиімділік пен инновация жөнінде орталық бөлімше құруға жауапты болды. Одан бөлек, Халықаралық даму департаментінің бас директоры болып, Африка, Азия, Шығыс Еуропа, Латын Америкасы елдеріндегі 1200 қызметкерге жетекшілік еткен.
2007-2012 жылдары Ұлыбритания әділет министрлігінде тұрақты хатшы (аға мемлекеттік қызметші) қызметін атқарды. Сонымен қатар, осы аралықта корольдік кеңседе хатшы болды. Әділет министрлігінде тұрақты хатшы болған кезде ведомство жұмысының жаңа моделін жасап, сол арқылы 1 млрд фунт стерлингтен астам қаржы үнемдеуге көмектескен.
2012-2020 жылдары Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті болды.
Британ империясының «Ұлт дамуына қосқан айрықша үлесі үшін» (ең жоғары - рыцарь дәрежесі бар) азаматтарға берілетін орденін алған.
Ағылшын тілінен өзге, бенгал, неміс, француз тілдерін жетік меңгерген.
Әйелі Мари Сако – жапон ұлтының өкілі. Оксфорд университетінің бизнес-мектебінде сабақ береді.