$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.09.2020, 18:24
Саясат

Қос азаматтығы бар тұлғалардың мемлекеттік қызметте отыруы қауіпті – Расул Жұмалы

Саясаттанушы Мемлекет басшысының бүгінгі жолдауда айтқан мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді

Қос азаматтығы бар тұлғалардың мемлекеттік қызметте отыруы қауіпті – Расул Жұмалы

Саясаттанушы Расул Жұмалы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтылған қос азаматтығы бар мемлекеттік қызметшілерді жазалауға қатысты пікір білдірді.

Саясаттанушының айтуынша, бұл бастама ең алдымен, ел қауіпсіздігі үшін маңызды шешім болмақ.

«Өте дұрыс бастама. Осы мәселелерді уысынан шығарып алған мемлекеттердің бірталай қиындыққа ұшырағаны белгілі. Кезінде Украинаның, Беларусьтің маңызды мемлекеттік мекемелеріне, ҰҚК, құқық қорғау ұйымдарына Ресейдің қаншама жансыздары еніп, ел басына қиындық туған кезде ресейлік мүддені алға тартып кетті. Жалпы, аталған заңның қатаң сақталуы мемлекеттік қызметтің таза болуының көрсеткіші, екінші жағынан, ұлттық қауіпсіздік мәселелерінің орындалу талаптарының бірі. Сол себепті, бұл өзгерісті тек қана құптауға, қолдауға болады», - деп атап өтті ол.

Расул Жұмалы қос азаматтыққа жол бермеу біздің заңдарымызда жазылғанын, бірақ оларды жазалау жағы іс жүзінде іске аспай отырғанын да атап өтті.  

«Бірқатар азаматтар өзінің екінші, үшінші елдің азаматы болғанын жасырады. Оларды жауапқа тартудың тетіктері тиісті дәрежеде іске аспай отыруы мүмкін. Қос азаматтығы бар тұлғалардың мемлекеттік қызметте маңызды құзыреттерге ие болуы қауіпті. Айналып келгенде, «Ол азамат қай елдің мүддесі үшін қызмет етеді?» деген сұрақ туындайды. Сондықтан осы мәселенің кеш те болса қолға алынып отырғаны құптарлық жағдай. Айта кететіні, қос азаматтығы барларды қоғамдық, мемлекеттік маңызы бар мансаптарға жолатуға болмайды. Егер ол Ресейдің, Израильдің азаматтығын аламын десе, сол елге біржола көшуі керек. Ал егер «Қазақстанда қаламын, осы елдің заңдарына бағынамын» десе, ол қазақтың азаматтығын сақтауы тиіс», - дейді саясаттанушы.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Қазақстан халқына жолдауында сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағандар үшін Қылмыстық кодекстегі жазаны қатайту туралы өзгеріс енгізуді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары