Мәжіліс үш бірдей депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты
Олардың барлығы жақында басқа қызметке ауысты
Мәжілістің алтыншы сессиясының алғашқы жалпы отырысында Айзада Құрманова, Нұрлан Дулатбеков және Нұрлан Әбдіровтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин экс-депутаттарға алғыс хат табыстады.
«Құрметті Айзада Амангелдіқызы! Сізге барлық әріптестердің атынан алғыс айтамын. Біз бірнеше жыл бірге жұмыс істеп, көптеген заң қабылдадық. Бүгінгі таңда Павлодар облысы әкімінің орынбасары ретінде жаңа жұмысыңыз басталып кетті. Жаңа жұмысыңызға зор табыс пен сәттілік тілейміз», - деді Мәжіліс төрағасы.
Айта кетейік, Айзада Құрманова 14 шілдеде Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды.
26 тамызда заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне ректор болып тағайындалды.
Ал 28 тамызда Мемлекет басшысының жарлығымен Нұрлан Әбдіров Сенат депутаты болып тағайындалып, 1 қыркүйекте Сенат төрағасының орынбасары болып сайланды.