Ағайыншылап, туыстарын сайлап жіберуі мүмкін – Айдос Сарым
Саясаттанушы мемлекет басшысының жолдауына қатысты пікір білдірді
Бүгін Мемлекет басшысы халыққа арнаған жолдауында 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін халық өзі сайлауы тиіс екенін мәлім етті. Осыған байланысты Azattyq Rýhy тілшісі белгілі саясаттанушы Айдос Сарымның пікірін білген еді.
Саясаттанушының ойынша, ауыл әкімдерін халық өзі сайлауға дайын. Бірақ сайлау кезінде ел аймағындағы тұрғындардың өзіндік ерекшеліктері назарға алынуы тиіс.
«Бүгінгі айтылған басты мәселенің бірі – Қазақстанға жаңа, өзін-өзі басқару жүйесін енгізу тұжырымдамасын қабылдау. Соның негізінде бірқатар заң қабылдануы керек. Еліміздегі аймақтар бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Маңғыстаудың Атырауға, Өскеменнің Қарағандыға ұқсамайтыны сияқты әр аймақтың өз ерекшелігі бар. Біздегі ауылдардың да айырмашылығы бар. Мысалы, оңтүстік Қазақстандағы Мақтаарал, Сарыағаш сынды кейбір ауылдарымыздағы адам саны солтүстіктегі қала тұрғындарынан көп.
Еліміздің дамуы жергілікті өзін-өзі басқаруға тікелей байланысты. Қарапайым ғана мысал, Павлодар облысында жергілікті халық өзінің ауылын сақтау үшін өздері ұйымдасып, үй салып оңтүстіктен: «Көпбалалы отбасылар,бізге келіңіздер. Біздің мектебіміз жабылып қалуы мүмкін, ол жабылса ауылымыздың жағдайы мүшкіл» деп адам шақырып жатыр екен. Сол ауыл тұрғындарының «оңтүстіктенсің» деп келген адамдарды бөлмеуінің өзі жақсы бір қозғалыстың бастауы сияқты. Көптеген аймақтарда халық мұндай сайлауға дайын»,- деп атап өтті ол.
Саясаттанушы аталған сайлау жүйесі уақыт өте келе аудан, қала, облыс әкімдерін халықтың өзі сайлауына алып келуі әбден мүмкін екенін жасырмады.
«Бірден лап еткізіп сайлау тағайындау үлкен нәтиже бермейді. Оның үстіне, кейбір аймақтарда қала, облыс әкімдерін халықтың сайлауы ерте сияқты. Дайындықсыз бастап кеткен жағдайды популист азаматтар өз мүддесіне пайдалануы мүмкін. Алдағы 5-10 жыл уақыт ішінде аудан, сосын қала әкімдерін сайлайтын деңгейге жетуіміз мүмкін. Бірақ бұған да белгілі бір дәстүр, белгілі бір мәдениет қажет.
Ұзақ жылдар бойы реформалар өтпей қалған кездер болды. Қазіргі кезде реформалардың іске асуы жалпы, өлім мен өмірдің мәселесі. Мұны іске асыру мемлекеттің тиімділігі, өтімділігі, қабылдаған шешімдердің дұрыстығы, оларға деген сенім деген мәселелерге келіп тіреледі. Мемлекет дұрыс дамуы үшін азаматтық қоғамның, азаматтардың билік ісіне араласуы өте қарқынды деңгейде болуы тиіс.
Халқы дайын, біршама бюджеті бар ауылдардан осындай сайлауды бастаса, көрші ауылдарға да стимул болатын еді. Алғашқы кезеңде ағайыншылап, туыстарын сайлап жіберулері мүмкін, екінші жерде «әкім айтты» деп дауыс бере салулары да мүмкін. Бәлкім, ауыл әкімдерін 4-5 жылға емес, 2 жылға сайлау керек шығар. Мұндай сайлауды өзіміздің тарихымызда бір рет болсын өткізуіміз керек. Сол арқылы оның артық-кем тұстарын көріп, ғылыми зерттеулер жүргізіліп, сауалнама жасалғаны жөн», - деп қорытындылады сөзін Айдос Сарым.