$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.08.2020, 14:30
Саясат

Қазақстанда Михаил Саакашвили орталығы құрылуы мүмкін

Саакашвили қазақстандық белсенділерді не үшін үйіне шақырған?

Қазақстанда Михаил Саакашвили орталығы құрылуы мүмкін
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстандық кәсіпкер әрі инвестор Марғұлан Сейсембай бастаған бір топ белсенді соңғы екі тәуліктен бері Украина астанасы Киевте сапарда жүр. Былай қарағанда назар аударып, талқылайтындай мәселе емес. Себебі, Марғұлан Сейсембай, Арман Шораев және өзге де қоғам белсенділері бірігіп ел-жер көріп, жиһангез ретінде елдің көз алдында жүр. Бірақ бұл жолы Украинаға барған топтың белсенділері әлеуметтік желілерге белгілі реформатор, түрлі оппозициялық топтарға жетекшілік еткен саясаткер Михаил Саакашвилимен кездескені жайында ақпараттар салды. Ал олармен еріп барған журналистер Грузияның бұрынғы президентімен жүргізілген сұқбаттарын YouТube хостингіндегі каналдарында жариялады.  

Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі тілшісі осы сапарда жүрген белсенділердің әлеуметтік желідегі парақшаларына үңіліп, кейбірінің жеке пікірін де білген. «Сырт көз – сыншыл» болған соң, елдегі кейбір сарапшылардың да ойын таразыға салып көрген еді.

Марғұлан Сейсембайдан тыс, Украинаға ҚР Президентінің бұрынғы кеңесшісі Олжас Құдайбергенов, қоғам белсендісі Арман Шораев, елдегі жекеменшік ЖОО-лардың бірінің президенті Асылбек Қожахметов, «Ел тірегі» өндірісшілер мен кәсіпкерлер одағының президенті, бұрын мемлекеттік қызметтерде болған Нұржан Әлтаев, экс-депутат Бақыт Сыздықова, ресторатор Қуаныш Шомбай, журналистер Вадим Борейко мен Бақытжан Бұқарбай сияқты ондаған адамның барғаны белгілі болды.

М. Сейсембайға қарсы пікір айтып, оның елдегі танымал банктердің біріне иелік еткенде қаржы жымқырғанын көлденең тарта беретін Мұхтар Тайжан бұл жолы да үнсіз қалған жоқ. Ол  Facebook әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында «Марғұлан Сейсембай мен Вадим Борейко Саакашвилимен кездесіп жатыр екен» деді. Украинада сапарлап жүрген оппонентінің сол елде қашып жүрген Ермек Нарымбаймен де кездесуге уақыт табуын сұрап, жазба қалдырған. Бүгін ол тағы бір пост жазып, биыл сәуір айында екеуара болған тартысты елдің есіне қайтадан салды. Адвокаттары Бостандық ауданының сотына Сейсембайдың үстінен жала жапқаны үшін бүгін талап арыз беретінін ескерте кетті.

Украинадағы топтың құрамында жүрген Арман Шораев бізге берген сұхбатында Михаил Саакашвилимен жеке кездесудің бұрыннан ойында жүргенін айтты. Оның айтуынша, Украина туралы неше түрлі пікірлер жүреді. Бірақ бұл ел демократия мекендеген мемлекеттің бірі. Ол бұл сапарды саясиландырудың қажеті жоқ екенін айтты.

«Сондай алып бара жатқан бір мақсат жоқ. Жалпы, білесіздер, Марғұлан болсын, өзге азаматтар болсын, көптен бері араласып жүрміз. Ел, жер аралап жүреміз. Киевке Михаил Саакашвилидің өз шақыруымен келдік. Астанадан да бір топ жігіттер келді. Саяси немесе өзге де бір қырып-жойып кететіндей астар немесе мақсат жоқ. Өз басым Саакашвилидің жасаған реформаларын қолдаушыларының бірімін. Гүржістандағы жасаған реформаларының орны ерекше. Достасқым келгені рас. Осы жолы соның сәті түсті. Мектеп бітірген соң, осы Киевте екі жыл әскери білім алғаным да бар. Сондықтан мен үшін ыстық. Жалпы, менің ойымша, біздің де жолымыз осы елдердегідей демократияға келеді деп үміттенемін. Өйткені, басқа жол жоқ. Амандық болса, екі-үш күнде елге қайтамыз»,- дейді Шораев.

Осы жолғы сапардың мақсаты жайында ашып жазған белгілі экономист, бір жылға жуық Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі болған Олжас Құдайбергенов болды. Ол Саакашвили феномені туралы, шын мәнінде, Грузиядағы саяси реформа жалғыз Михаил Саакашвилидің ғана еңбегі емес екенін тілге тиек етеді. Марғұлан Сейсембай мен Нұржан Әлтаевтың биыл 8 шілдеде  М. Саакашвилимен зум-конференция жүргізгенін, сол кезде саясаткердің өзі Украинаға келіп-кетулерін сұрағанын айтқан. Алматыдан Марғұлан, Нұр-Сұлтаннан Нұржан бастап барған топтың 30 адамнан тұратынын жазады

«Кеше кешке Киевке ұшып келдім. Ұшып келген бойы мені Қарапайым шешімдер кеңсесінің атқарушы директоры Мария Барабаш күтіп алды. Қарапайым шешімдер кеңсесі - Михаил Саакашвили Украина үкіметіне құқықтық және консультациялық көмек көрсету мақсатында құрған коммерциялық емес құрылым. Әуежайдан бірден Киевтің шетіндегі Михаилдің үйіне келдік. Ол жерде мені Грузияның мемлекеттік табыстар қызметінің бұрынғы министрі Георгий Цхакая күтіп отыр екен. Сәл кейін Михаилдің өзі де келді. Бірге кешкі ас ішіп, барлық тақырыпта әңгіме айттық. Өте қызықты, танымға толы әңгіме болды. Оқиғалар мен  адамдар туралы емес, идеяларды талқылайтын жандармен әңгіме-дүкен құрудың өзі бір ғанибет»,- деді М. Сейсембай.  

Бұрынғы депутат Бақыт Сыздықова #ЕлТірегі деген хештегпен «Михаил Саакашвилимен оның үйінде кездестік, іштік, жедік, күлдік. Ақылым мен өрем жетпейтін нәрселерді жазғым келіп отырған жоқ» деп жазба қалдырған. Өзін «HAQ» партиясын құру бастамашыларының жетекшісімін деп таныстырып жүрген Тоғжан Қожалиева парақшасына Алматыдан шыққан сәттерінен бастап, жүрген, барған орталарынан сәт сайын фотосуреттер салып отырды. Бірақ сапардың мақсаты мен тағылымы туралы кейін жазатынын айтты.

Белгілі баспагер, Facebook белсендісі Бақытжан Бұқарбай мен журналист Вадим Борейконың Саакашвилиден сұхбат алуға барғаны белгілі болды.

Танымал саясаттанушы Расул Жұмалы кезінде «Жаңа Қазақстан» өкілдері де сыртқа шыққанда (Еуропада Ә. Қажыгелдинмен кездесу - авт.) осындай әңгіме болғанын алға тартты. Яғни, сол уақытта да кім қаржыландырып жүр, саяси астары қандай деген сықылды сұрақтар көбейген.  

«Біз жеке мемлекетпіз, азаматтар қайда барады, кіммен кездеседі, ол өздерінің шешімі. Украинаға, Грузияға, АҚШ-қа бара ма, мен өз басым бұдан бір айтарлықтай саяси астар іздемеймін. Өздері қызық, маңызды деген адамдармен кездесіп, пікір алмасып, тәжірибе бөлісу тұрғысынан маңызды шығар. Саакашвилидің өзі үлкен саясаткер. Айтары бар. Тәжірибесін алатын-ақ азамат. Мемлекеттік құрылыс, жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан айтары көп. Саакашвилимен Назарбаев та, Тоқаев та кездесті. Сондықтан бұл мәселелерде алып-қашпа әңгімеге сеніп, тырнақ астынан кір іздеуді жөн деп таппаймын. Қоғамдық пікірдің көрсеткіштеріне салсақ, қатардағы кездесулер, өз есептерінен барып, ой түйіп, бүгін болмаса да, ертеңгі Қазақстан үшін сол тәжірибелерін пайдаланса, қалыпты қараймын»,- дейді Р. Жұмалы.

Михаил Саакашвили де бұл кездесу туралы қысқаша жазба қалдырды.

«Әрине, мен Грузиядағы сайлау кампаниясына белсенді араласып жатырмын. Қазан айында Ұлттық сайлау өтеді. Бірақ Ұлттық Рададағы қызметімді де жалғастырамын. Мұнда да реформалар жүріп жатыр. Осының аясында бүгін өз үйімде үлкен құрамда келген қазақ делегациясын қабылдадым. Олардың арасында белгілі бизнесмендер, журналистер мен саяси белсенділер көп. Біз Қазақстанда да саяси реформалар жөнінде ұлттық кеңес құрудың барысын талқыладық. Тіпті, қазақстандық университеттердің бірінің жанынан Саакашвили орталығын құру идеясы да түсті. Кездесу соңында маған қазақы шапан жабылып, құрмет көрсетілді»,- деп жазды Михаил Саакашвили Facebook әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары