Праймериз жаңа толқынға арналған әлеуметтік саты – Ақтөбе облысының әкімі
Оңдасын Оразалин ақтөбеліктерді праймеризге белсенді қатысуға шақырды
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин 17 тамызда республика бойынша басталған праймеризге қатысты ойын білдіріп, ақтөбеліктерді елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шараға белсенді қатысуға шақырды.
«Праймериз – бұл қоғамдағы демократиялық өзгерістерді ынталандыратын партия бастамаларының бірі. Онын мақсаты – Парламент мәжілісіндегі және мәслихаттағы тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру, партиялық желі бойынша ілгерілету, оларды мемлекеттік органдардағы лауазымдарға ұсыну үшін бәсекелестік күрес негізінде мықты көшбасшыларды анықтау», - деп атап өтті ол Facebook желісіндегі парақшасында.
Облыс әкімі бүгінгі таңда Қазақстан қоғамында болып жатқан саяси өзгерістер мен жаңашылдықты ел тұрғындарының дұрыс қабылдай білуі ұрпақ алдындағы парыз екенін алға тартты. Сонымен қатар, әкім праймериз үміткерлерінің сайлауда әділ, әрі, таза дауыс жинау мүмкіндігінің жоғары екеніне тоқталған.
«Жобаның бірегейлігі – дауыс берудің онлайн-форматта өтетіндігінде. Яғни, әлеуметтік желілермен сауатты жұмыс жасап, неғұрлым белсенді болған кандидаттың соғұрлым таза, әділ дауыс жинау ықтималдығы жоғары. Бүгінгі біздің саяси өмірімізде болып жатқан өзгерістерді жатсынбай қабылдап, белсене кірісу, әрбір көзі қарақты жанның ертеңгі ұрпақ алдындағы парызы. Партия ұсынған осы мүмкіндікті ақтөбеліктер де жіберіп алмауы керек. Өйткені, бұл – еліміздің дамуына үлес қосатын жаңа толқынға, іскер және патриот азаматтарға жаңа «әлеуметтік саты» іспетті. Заманауи тәсіл қарапайым азаматтардың шешімдер қабылдауға тікелей ықпал етуіне мүмкіндік береді. Ең алдымен, облысымызды дамыту бойынша көптеген мәселелерді қарастыруға жол ашады. Сондықтан праймериз халықпен кері байланысты жаңа деңгейге көтере отырып, партияға мықты көшбасшыларды топтастыратынына сенімдімін. Ендеше, өз күшіне сенімді, еліне пайдасын тигізуді қалайтын әрбір көзі ашық ақтөбелік азаматтарды праймеризге белсенді қатысуға шақырамын!», - деп жазды ол.
Айта кететіні, «Nur Otan» партиясының бастамашы болуымен Қазақстанның партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған праймеризіне кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңі 17 тамыздан басталды.