Жасанды интеллектінің дамуы әлемнің болашағына айтарлықтай әсер етеді – Тоқаев

Кездесуге қатысушылар президенттердің сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, өз пікірлерін білдіріп, жасанды интеллект технологияларын түрлі салаларда қолдану жөнінде көкейлеріндегі сауалдарын қоюға мүмкіндік алды

Жасанды интеллектінің дамуы әлемнің болашағына айтарлықтай әсер етеді – Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің даму процесі одан әрі үдей түсетінін, сөйтіп әлемнің дамуына айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасының Президенті ретінде мен цифрландыруға және жасанды интеллектіге басым стратегиялық міндет ретінде қараймын. Өздеріңізге мәлім, осы мақсатта биыл елімізде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» жарияланды. Бұл келесі жылы жұмыс тоқтап қалады дегенді білдірмейді. Оның мәні – биыл біз осы жолда қарқынды қадам жасадық. Тиісті заңдар, нормалар қабылданды, яғни жасанды интеллектіні дамытудың заңнамалық-құқықтық негізі жасалды. Біз әлі діттеген мақсатымызға жеткен жоқпыз. Менің түсінігімде, жасанды интеллектінің серпінді дамуы Үкіметке жаңа міндеттер жүктейді. Әлі жасы жиырмаға да толмаған өскелең ұрпақтың баянды болашағы үшін аянбай еңбек етеміз. Өмірлерің алда, келешектің келбетін айқындау Сіздердің қолдарыңызда. Қазақстаннан келген азаматтарды ресейлік достарымызбен, серіктестерімізбен тығыз жұмыс істеп, өркениет жолына бірге қадам басуға шақырамын», – деді Президент.