Тоқаев Мәскеуде: Қазақстан электрондық үкіметтердің әлемдік рейтингінде 16-орынға табан тіреді
Президент сондай-ақ «Сбер» мен «Яндекс Қазақстанның» еліміздегі жұмысына жоғары баға берді
Жасанды интеллект жөніндегі AI Journey халықаралық форумы қарсаңында Кремльде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің кездесуі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті AI Journey 2026 жасанды интеллект жөніндегі конференцияны өткізудің маңыздылығын атап өтті.
«2020 жылы пандемия кезінде алғашқы форумды онлайн форматта өткізгеніміз есімде. Сол кезде сіз өте мазмұнды сөз сөйлеп, үш-төрт жыл өтпей-ақ жасанды интеллект пен цифрландыру тақырыбы алдыңғы қатарға шығатынын айтқан едіңіз. Дәл солай болды. Қазір барлығы жоғары технологиялар, жасанды интеллект және оның болашақта қалай дамитыны туралы айтып жүр. Сондықтан алдағы форумның біз үшін маңызы зор. Өйткені біз цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беріп отырмыз. Биылғы жылды Қазақстанда Жасанды интеллектіні дамыту жылы деп жарияладым. Бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының электрондық үкімет пен адами капиталды дамыту жөніндегі рейтингі бойынша Қазақстан 24-орыннан 16-орынға көтерілді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жоғары технологиялық ресейлік компаниялардың қызметін, әсіресе киберқауіпсіздікті дамыту бағытындағы жұмысын қызығушылықпен бақылап отырғанын айтты.
«Менімен бірге жасанды интеллект пен цифрландыру енгізіліп жатқан барлық бизнес саласының өкілдері бар үлкен делегация келді. Ресейдің жоғары технологиялық бизнесі Қазақстанда жақсы ұсынылған. Әсіресе, «Сберді», сондай-ақ еліміздегі ірі жұмыс берушілердің бірі саналатын «Яндекс Қазақстанды» атап өткім келеді. Бұл компаниялардың жұмысы жақсы дамып келеді. Сіздердің компанияларыңыздың біздің нарықтағы қызметіне көңіліміз толады, оларға жан-жақты қолдау көрсетіп отырмыз», – деді Мемлекет басшысы.
