Қаражанбастың Жағалау аймағын игеру басталды - Тоқаев «ҚазМұнайГаз» басшысын қабылдады
Хасенов президентке ұлттық компанияның биылғы он айда атқарған қызметінің нәтижелері туралы есеп берген
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдап, оған нақты бірқатар тапсырма жүктеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дәлірек айтсақ, Асхат Хасеновтің дерегіне сүйенсек, бүгінде «ҚазМұнайГаздың» капиталы 22 триллион теңгеге жеткен. Компанияның қаржылық жағдайы тұрақты және жалпы сомасы 16,7 триллион теңге болатын ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Ол сондай-ақ Компания 2026-2030 жылдарға арналған геологиялық барлау жұмыстарының бағдарламасын қабылдағаны жөнінде баяндады.
«23 жобаны іске асыру аясында 60 000 шақырым көлемінде сейсмикалық барлау жүргізу, сондай-ақ жалпы геологиялық ресурстық әлеуеті 4,7 миллиард тонна шартты отынға тең 26 іздестіру-барлау ұңғымасын бұрғылау көзделіп отыр. Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» қолданыстағы активтерде үнемі қосымша барлау жұмыстарын жүргізеді», - деп хабарлайды Ақорда.
Атырау облысында Батыс Қарасор және Маңғыстау облысында Қаражанбастың Жағалау аймағы кен орындарын игеру басталған. Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында газ нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Қосымша экспорт бағыттарын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.
«Есепті кезеңде отандық мұнай өңдеу зауыттарында 14,9 миллион тонна мұнай өңделді. Жыл қорытындысы бойынша жеңіл мұнай өнімдерінің көлемі былтырғымен салыстырғанда 800 мың тоннаға өскен. Бұдан бөлек, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын 12 миллион тоннаға дейін, ал Павлодар мұнай химиясы зауытының қуатын жылына 6 миллион тоннадан 9 миллион тоннаға дейін ұлғайту жұмыстары қолға алынды», - деп хабарлайды Ақорда.
Кездесуде әлеуметтік жобалар да назардан тыс қалмаған. Соның ішінде, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «ҚазМұнайГаз» қызметкерлері жыл басынан бері 386 мың ағаш еккені белгілі болды.
«Президент геологиялық барлау және инвестициялық жобаларды іске асыру бағыттарында жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды», - деп хабарлайды Ақорда.
