Тоқаев Қазақстанның ұзақмерзімді дамуын болжайтын сараптама тобын бекітті
Топқа вице-президент Ерлан Қарин жетекшілік етеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобының құрамын бекітті. Оны вице-президент Ерлан Қарин жетектейді және оның құрамына 31 адам енген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасай отырып.
Бұл 31 адамның төртеуі – жетекші, жетекшінің екі орынбасары және бір хатшы. Ал 27 адам топтың мүшелері.
«Стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобы – Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Ол Қазақстан Республикасының ұзақмерзімді дамуына қатысты тұжырымдамалық тәсілдер мен басымдықтарды сараптамалық тұрғыдан пысықтау мақсатында құрылған. Сараптама тобының негізгі міндеттері – концептуалды тәсілдерді анықтау және сараптамалық жағынан әзірлеу, талдамалық, әлеуметтік, сондай-ақ форсайт зерттеулердің нәтижесін талқылау», - деп хабарлайды Ақорда.
Ал заң тұрғысынан, Ақорда хабарлағандай, бұл топ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Сараптама тобының жұмыс органы саналады.
«Сараптама тобының отырысы қажет кезде, алайда кем дегенде айына бір рет өтеді. Отырысқа мемлекеттік органдар, ғылыми ұйымдар, сарапшылық қауымдастықтар, іскерлік орта, азаматтық қоғам өкілдері және Сараптама тобының құрамына енбеген басқа да мамандар қатыса алады», - деп хабарлады Ақорда.
