Қазақстанда тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталған профессор 10 жылға сотталды – ВВС
Бұл туралы дереккөзге профессордың туыстары айтып берген
Астанадағы оқу орындарының бірінде жұмыс істеген өзбекстандық профессор Андижан Қарабаев 10 жылға сотталған. Ол тыңшылық жасады деген күдікпен биыл жазда ұсталған еді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ВВС-ге сілтеме жасай отырып.
Дереккөзге сүйенсек, оның соты Қазақстанда өткен. Бірақ, Өзбекстанның да, Қазақстанның да құзырлы органдары ақпарат ұсынбаған көрінеді.
«Астанадағы университеттердің бірінде сабақ берген 46 жастағы профессор биыл жазда үйінде ұсталған. Оған тыңшылық жасады деген айып тағылған», - деп хабарлайды ВВС.
Дереккөзге сүйенсек, әйелі онымен қысқа уақыт қана сөйлескен. Өзбекстанның құқық қорғау органдары профессордың ісі бойынша комментарий бермеген.
Естеріңізге сала кетейік, профессор Қарабаев биыл 3 шілдеден бері қамауда отырғаны хабарланған болатын. Ол Астанада әйелі және кәмелетке толмаған үш баласымен бірге тұрған.
Анонимді болуды қалаған профессордың жақын туысының айтуынша, азаматтық киімдегі бірнеше адам Карабаевтың үйіне келіп, оны тыңшылық жасады деген күдікке ілінгенін айтып, алып кеткен. Туыстарына ғалымның Астанадағы Өзбекстан консулдығының қызметкерімен ықтимал байланысы болғаны туралы тұспал жасалған.
