Қазақстанның қылмыстық қудалау органдары Қорғаныс министрлігіне қатысты 37 істі тергеп жатыр

Автор: Бақыт Шынар

Комиссия министрліктің 104 нысанын тексерген

Фото: gov.kz

Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссия аралық қорытындыларды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың мәліметіне сүйенсек, комиссия 104 нысанды тексерген. Дәл қазір Қорғаныс министрлігінің бюджетін тексеруге қатысты аудит әлі жалғасып жатыр.

«Комиссия қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, әскери қызмет өткеруге тиісті жағдай жасауға, азық-түлікпен және киім-кешекпен жабдықтаудың, медициналық көмек көрсетудің сапасына, сондай-ақ мемлекеттік мүліктің сақталуына баса назар аударады», - деп хабарлайды Ақорда.

Тексеру кезінде анықталған күдікті жағдайларға қатысты қудалау органдары қырыққа таяу іс бастаған екен.

«Қазір қылмыстық қудалау органдарының қарауында 37 іс бар. Тергеу мүддесіне байланысты бұл істер жөніндегі мәліметтер әзірге жарияланбайды», - деп хабарлайды Ақорда.

Бүгін Қазақстанның Бас прокуратурасы Каспий теңезіндегі қайғылы оқиғаға байланысты 300 адам сұралғанын, 30-дан астам сараптама жасалғанын хабарлаған еді. 

Естеріңізге сала кетейік, Каспий теңізінде оқу-жаттығу барысында ауа райы бұзылып, 17 сарбаз суға кеткен. Өкініштісі, олардың 14-і қаза тауып, 3-еуі ғана аман қалған. Оқиғаға байланысты Бас прокуратура қылмыстық іс қозғап, тергеу барысын ерекше бақылауына алды. Қорғаныс министрлігі көп ұзамай қаза тапқан сарбаздардың аты-жөнін жариялады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сарбаздардың өліміне қатысты 25 қыркүйек күні Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

25 қыркүйек күні тергеу жұмысына салғырт қарағаны үшін Қорғаныс министрлігінің бес лауазымды тұлғасын кісендеп әкетті.

Екі күннен кейін Тоқаев Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты орнынан алып тастады. Дәл сол күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Айдос Сәкенұлы Мырзахметов Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалды.

Ақордада ауқымды кеңес өтіп, президент Қазақстан әскерінің қаржысын аудиттен өткізіп, салаға ауқымды реформа жасау туралы тапсырма берді.