«Табанды, ымырасыз өзгерістер»: Айдос Сарым президенттің Жолдауына қатысты Құрылтайдың үндеуін жария етті
Депутаттың айтуынша, Құрылтай Жолдаудағы жаңашылдықтарды толықтай қолдайды
Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым жуырдағы президент Жолдауына орай Құрылтайдың үндеуін жария етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, азаматтарымыз мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын ерекше ықыласпен қабылдаған. Депутаттар Жолдауында қамтылған маңызды игі бастамалар мен нақты мақсат-міндеттер қоғам тарапынан үлкен қолдау тапқанын анық көріп отыр.
«Шын мәнінде, Мемлекет басшысының жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы Жолдауы ел тарихының жаңа, сапалы кезеңіне жол ашады және туған Отанымыздың алдағы он жылдықтардағы даму бағытын айқындайды. Оның алғышарттары белгілі. Қазақстан әлемдегі ахуалдың күрделілігіне, болжамсыздығына қарамастан, өткен жеті жылдың ішінде түбегейлі реформаларды батыл жүзеге асырды», - деді Сарым.
Осы уақыт аралығында, Айдос Сарым атап өткендей, мемлекеттік басқарудың архитектурасы ғана емес, тұтас саяси жүйе, қоғамдық этика мен сана өзгерді. Азаматтарымыз мемлекет ісіне белсенді түрде араласып, мемлекеттік шешімдерге тікелей ықпал ете бастады. Жаңа қоғамдық келісім әлеуметтік-экономикалық өсімнің мызғымас іргетасы болып отыр.
«Президент Тоқаевтың стратегиялық көрегендігі Қазақстанды халықаралық аренада беделді орта держава және жаһандық диалогтың мойындалған орталығы деңгейіне көтерді. Табанды, ымырасыз өзгерістер логикасы Әділетті, Қуатты, Таза және Прогрессивті Қазақстанды құрудың негізіне айналды. Осының бәрі ең алдымен халқымыздың қалтқысыз таңдауының, береке-бірлігі мен ұлттық рухының беріктігінің арқасы деп білеміз», - деді депутат.
Яғни, Құрылтай атынан үндеу жариялаған Айдос Сарым президенттің биылғы Жолдауы – жаңа жоспарларымыз бен іс-қимылымыздың доктринасы дейді.
«Жолдауда алдымызға тарихи міндет қойылып отыр. Ол – бүкіл экономикалық капиталды инфрақұрылымды түбегейлі жаңартуға, әлеуметтік саланы сапалы дамытуға және қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін көтеруге жұмылдыру. Игі бастаманың өзегінде адам мен оның құқығы, қадір-қасиеті және ертеңгі күнге деген сенімі тұр», - деді Сарым.
Бұдан басқа, депутат атап өткендей, келесі жылғы «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылының аясында инженерлік, жол-көлік, медициналық және мәдени нысандар салынады. Бұл жыл «коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртудың бұрын-соңды болмаған жоба» деп санайды депутат.
«Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің индустриялық-технологиялық тұрғыда жедел дамуына қажетті тетіктер әзірлеу қажеттігіне баса назар аударды. Алдымызда энергетикалық дербестік пен транзиттік тасымалды арттыру, ауыл шаруашылығын жандандырып, елімізді Еуразияның көлік-логистикалық орталығына айналдыру сияқты кешенді мақсаттар бар. Президент цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту бағытында нақты шаралар бағдарламасын қабылдауды тапсырды. Технологиялық жаңғыру еңбек өнімділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың табысын өсіруге тікелей әсер етеді», - деді Айдос Сарым.
Осыларды ескере келе Айдос Сарым Құрылтай Президент айқындаған ұлттық жаңғыру бағдарламасын толық қолдайды және оны заңнамалық, сараптамалық және қоғамдық тұрғыда ілгерілетуге бар күш-жігерін жұмылдырады.