Тоқаев Сингапурға жасанды интеллект пен цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды

Президент Сингапурмен бірқатар саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге назар аударды

Тоқаев Сингапурға жасанды интеллект пен цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды
Фото: Ақорда

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Республикасының аға министрі Ли Сянь Лунмен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Ли Сянь Лунның Қазақстанға алғашқы сапары еліміз үшін тарихи мәнге ие екенін атап өтті.

«Осыдан тура 35 жыл бұрын, 1991 жылдың қыркүйегінде – Қазақстан тәуелсіздігінің қарсаңында әкеңіз Ли Куан Ю елімізге сапармен келді. Оның сапары екіжақты қарым-қатынасымыздың берік негізін қалады. Біз Сингапур басшылығының көреген саясатын және елдің жаһандық қаржы, сауда, инновация мен технология орталығына айналу жолындағы таңғаларлық жетістігін жоғары бағалаймыз. Еліңіздің тәжірибесі бүкіл халықаралық қауымдастық үшін шабыттандыратын үлгі саналады», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақты саяси диалогпен, тауар айналымының өсуімен және Қазақстанға Сингапур капиталының көптеп тартылуымен сипатталатын екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Іс жүзінде Қазақстан мен Сингапур өз өңірлерінде – Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азияда бір-бірінің ең ірі сауда серіктестері болып қала береді. Еліміздегі Сингапур капиталы бар компаниялардың саны 500-ге жуықтады және әлі де өсіп келеді», – деді ол.

Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Сингапур көпжақты форматтар аясында жемісті ынтымақтастық орнатқан. Екі ел де орта держава саналады. Осы тұрғыда ол екі мемлекеттің халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша ұстанымдары ұқсас екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ мемлекеттік басқару мен саяси жүйені одан әрі жетілдіруге бағытталған ауқымды саяси өзгерістер туралы айтты. Бұл реформалардың негізінде «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» қағидаты жатыр.

Президент Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға және шетелдік инвесторлардың құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Оның айтуынша, елімізде PSA International, Temasek Holdings және басқа да бірқатар сингапурлық компаниялар мен қорлар табысты жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар тараптар көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

«Авиациялық хабты дамытуға деген сұраныстың артуына байланысты Астанада жаңа заманауи әуежай салу туралы шешім қабылдадық. Осы орайда Сингапурдың озық тәжірибесі біз үшін ерекше қызығушылық тудырады. Әлемдік авиацияның мойындалған «алтын стандарты» саналатын Чанги әуежайы жоғары тиімділіктің, озық инновациялар мен мінсіз қызмет көрсету сапасының үлгісі. Біз жаңа жобаны жүзеге асыру кезінде осы тәжірибені пайдаланып, авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге ниеттіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сингапур арасындағы жасанды интеллект және цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты да жандандыруды ұсынды.

«Қазақстан – цифрлық ел. Қазақстанның цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы көшбасшы ретінде қарқынды дамуына мемлекет жүргізіп жатқан құрылымдық реформа ықпал етті. Біз Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрдық, 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладық», – деді ол.

Сингапурдың аға министрі Ли Сянь Лун екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік бергені үшін Президентке алғыс айтып, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жолындағы елеулі жетістіктерін атап өтті.

«Сізді Құрылтайға өткен алғашқы сайлаудың сәтті өтуімен құттықтаймын. Сіздің басшылығыңызбен жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформаларды қолдаймыз. Екіжақты қарым-қатынасымыз сапалы жаңа деңгейге көтерілді. Қазақстандық компаниялардың Сингапур нарығына шығуға деген қызығушылығы артып келе жатқанын байқап отырмыз. Осыған байланысты шарттық-құқықтық база да жүйелі түрде кеңейіп келеді. Инвестицияларды өзара қорғау туралы шарт пен Қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімнің ратификацияланғанын зор қанағаттанушылықпен атап өтемін», – деді Ли Сянь Лун.

Әңгімелесу барысында экономика, көлік, логистика, «ақылды» қалаларды дамыту, ауыл шаруашылығы, аса маңызды минералдар және туризм салаларындағы байланысты кеңейту перспективаларына ерекше назар аударылды.