Тоқаев Ли Сянь Лунды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады

Мемлекеттік награда Сингапурдың аға министріне Ақордада табысталды

Тоқаев Ли Сянь Лунды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Сингапур арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Сингапурдың аға министрі Ли Сянь Лунды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекеттік награда Ли Сянь Лунға Ақордада Мемлекет басшысымен кездесу аясында табысталды.

Келіссөздер барысында Тоқаев екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын, тауар айналымының өскенін және Қазақстанға Сингапур капиталының көптеп тартыла бастағанын атап өтті.

Тараптар сондай-ақ экономика, көлік және логистика, жасанды интеллект, цифрландыру, «ақылды» қалаларды дамыту, ауыл шаруашылығы, аса маңызды минералдар және туризм салаларындағы ынтымақтастықты талқылады.

Астанада жаңа әуежай салу мәселесіне ерекше назар аударылды. Тоқаев Қазақстан бұл жобаны жүзеге асыру кезінде Сингапурдың озық тәжірибесін пайдалануға ниетті екенін атап өтті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сингапурдың жасанды интеллект және цифрландыру салаларындағы ықпалдастығын жандандыруды ұсынды.

Өз кезегінде Ли Сянь Лун Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жолында айтарлықтай жетістіктерге жеткенін атап өтіп, екіжақты қарым-қатынастардың сапалы жаңа деңгейге көтерілгенін айтты.

Айта кетейік, осыдан тура 35 жыл бұрын, 1991 жылдың қыркүйегінде Қазақстанға Ли Сянь Лунның әкесі – Сингапурдың тұңғыш премьер-министрі Ли Куан Ю келген. Тоқаевтың айтуынша, оның сапары екі ел арасындағы қарым-қатынастың берік негізін қалады.