Қазақстан Ирандағы аятолла Хаменеимен қоштасу рәсіміне қатысты
Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Иранның Жоғарғы көшбасшысы, аятолла Сейед Әли Хаменеимен қоштасуға арналған қаралы іс-шараларға қатысты. Сапар аясында ол Иран Президенті Масуд Пезешкианмен кездесіп, елдің Сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқының атынан Ермек Көшербаев Иран халқы мен басшылығына жуырдағы қайғылы оқиғаларға байланысты шынайы көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
«Иран Президентімен кездесу барысында Масуд Пезешкианның 2025 жылғы 10-11 желтоқсанда Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері жан-жақты талқыланды», – деп хабарлады СІМ.
Сонымен қатар тараптар өңірдегі қазіргі жағдайды және оның алдағы даму перспективаларын талқылады.
«Аббас Аракчимен өткен келіссөздердің күн тәртібі екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ қазақ-иран қатынастарын одан әрі дамытуды қамтыды. Ермек Көшербаев Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасымен дәстүрлі достық, тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастық қатынастарын одан әрі нығайтуға берік бейілді екенін растады. Сонымен бірге тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Иран мен өңір елдерінің маңызды рөлі атап өтілді», – деп мәлімдеді сыртқы саяси ведомство.
Қазақстан СІМ басшысы Иран мен АҚШ арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңызын да атап өтті.
«Осы жылдың 28 маусымында Бендер-Аббас қаласындағы Шахид Раджаи портында қазақстандық көлік-логистика терминалын салу үшін жер учаскесін беру туралы келісімге ерекше баға берілді. Бұл жобаны іске асыру Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасының көлік-транзит әлеуетін дамытуға және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатыр», – деп атап өтті ведомство.
Осыған байланысты Көшербаев терминал құрылысы Қазақстан мен Иран арасындағы өзара сауда көлемін одан әрі арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда көлемі 26,4 пайызға өсіп, 430,2 миллион долларға жеткен.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделі екенін растады және екіжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша өзара іс-қимылды кеңейту жөніндегі бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.