«Тарихи кезең деп айтуға болады»: Астанада «AMANAT» партиясының кезекті XXVI съезі өтіп жатыр

1,5 мыңға жуық партия мүшесі мен делегат жиналды

«Тарихи кезең деп айтуға болады»: Астанада «AMANAT» партиясының кезекті XXVI съезі өтіп жатыр
Фото: amanatpartiasy.kz

Астанада «AMANAT» партиясының кезекті XXVI съезі өтіп жатыр. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен шамамен 1,5 мыңға жуық партия мүшесі мен делегат қатысуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Айдын Төребаевтың айтуынша, съезд елдің саяси өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі болуы мүмкін.

«Бүгін «AMANAT» партиясының съезіне келдік. Оған Қазақстанның барлық өңірінен шамамен бір жарым мыңға жуық партия мүшесі мен делегат қатысып отыр. Мұны белгілі бір деңгейде тарихи кезең деп те айтуға болады. Алайда дәл қазір қандай нақты шешімдер қабылданатынын айту қиын. Өйткені алдымен Саяси кеңестің отырысы өтеді, содан кейін съездің өзі басталады. Қандай шешімдер қабылданатынына бәріміз бірге куә боламыз», – деді ол.

Депутаттың сөзінше, бүгінде Қазақстанда ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр.

«Партия мүшесі ретінде біз қоғамдағы және мемлекет өміріндегі өзгерістерге әрдайым дайын болуымыз керек деп есептеймін. Мемлекет басшысы бастамашы болған реформаларды жүзеге асыруға барлық саяси күштер жұмыла атсалысқаны дұрыс. Ел дамуы үшін саяси күштердің бірлігі мен ортақ мақсат жолындағы ынтымақтастығы маңызды», – деді Айдын Төребаев.

Маңғыстау облысынан келген делегат, саяси ғылымдарының докторы, профессор Киікбай Жаулин реформалардың білім саласы үшін маңызына тоқталды.

«Бүгінгі «AMANAT» партиясының XXVI съезі еліміздің әлеуметтік, экономикалық және саяси тұрақтылығы үшін маңызды кезең деп есептеймін. Партия осы жылдар ішінде ауқымды жұмыс атқарды және алдағы уақытта да халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларын жалғастырады.  Съезд Президент ұсынған реформаларды іске асыру ісінде маңызды рөл атқарады. Әңгіме тек саяси өзгерістер туралы емес, білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, жастар саясаты және цифрландыру секілді салалардағы жаңғыру туралы болып отыр. Бұл – XXI ғасырдың жаңа талаптарына сай келетін бағыт. Қазіргі кезеңнің ерекшелігі – цифрландыру дәуіріне бейімделу. Партия осы үдерістерге сәйкес қоғаммен тығыз жұмыс жүргізіп келеді. Біз партия мүшелері ретінде халықтың ортасында жүріп, олардың әлеуметтік мәселелерін тыңдап, сұрақтарына жауап беріп келеміз», – деді ол.

Профессордың сөзінше, Қоғамдық кеңестермен, қоғамдық ұйымдармен және басқа да саяси институттармен бірлескен жұмыс арқылы елдегі ахуалды терең түсінуге мүмкіндік бар. Бүгінгі таңда қоғамда тұрақтылық сақталғанын және халықтың болашаққа деген сенімі күшейгені байқалады.

«Бұл өзгеріс халықтың көзқарасын күштеп өзгерту емес, қоғамның дамуына жаңа мүмкіндік беру. Әсіресе жастарды, орта буынды және аға буынды қамтитын сабақтастық маңызды нәтиже беріп келеді. Сондықтан қоғамдағы барлық саяси және қоғамдық институттарды ортақ мүдде төңірегіне біріктіру қажет деп ойлаймын. Әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құру жолындағы бұл бағыттың жалғаса беретініне сенемін. Бүгінгі съезд те сондай маңызды жаңалықтардың бастамасы болады деп үміттенемін», – деді ол.