Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО аясында жасанды интеллектіні енгізуге қатысты бірқатар ұсыныс білдірді

Президент сауда, логистика, өнеркәсіптік кооперация және агроөнеркәсіп кешеніне ең алдымен жасанды интеллект секілді жаңа технологияларды енгізудің маңызына тоқталды

Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО аясында жасанды интеллектіні енгізуге қатысты бірқатар ұсыныс білдірді
Фото: Ақорда

V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев сауда, логистика, өнеркәсіптік кооперация және агроөнеркәсіп кешеніне жаңа технологияларды, ең алдымен жасанды интеллектіні енгізудің маңызын атап өтті,

«Менің ойымша, жаңа технологияларды, әсіресе, жасанды интеллектіні сауда және логистика саласына белсенді енгізу аса маңызды. Кедендік рәсімдерді жеделдету мақсатында ұлттық цифрлық жүйелердің байланысын күшейткен жөн. Бұл нақты уақыт режимінде барлық құжатты тез өңдеуге, кедергілерді анықтауға және жүк ағындарын болжауға мүмкіндік береді», - деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы цифрлық қолтаңба туралы айтты.

«Электрондық цифрлық қолтаңбаны өзара тану бизнес шығындарын айтарлықтай азайтып, ЕАЭО кеңістігіндегі алыс-берісті арттыруға көмектеседі. Өнеркәсіп кооперациясын кеңейтуде жасанды интеллектінің сараптамалық әлеуетін пайдаланудың практикалық маңызы зор. Елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін агроөнеркәсіп кешеніне интеллектуалды жүйелерді енгізуге басымдық беру қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.