Астанаға Кубаның вице-президенті келді

Сальвадор Вальдес Меса Еуразиялық экономикалық форумға қатысады

Астанаға Кубаның вице-президенті келді
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Астана халықаралық әуежайында Куба вице-президенті Сальвадор Вальдес Месаны қарсы алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сальвадор Вальдес Меса Астанада 28–29 мамыр күндері өтетін Еуразиялық экономикалық форумға қатысу үшін Куба делегациясын бастап келді.

«Сізді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан шын жүректен қарсы алуға қуаныштымын. Биыл Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етіп отыр. Форум дәстүрлі түрде сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге және нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар биылғы негізгі басымдықтардың бірі – жасанды интеллект», – деді Арман Шаққалиев.

Өз кезегінде Куба вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса маңызды іс-шараға қатысуға шақыртуды қуана қабылдағанын айтты.

Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық одақ 2020 жылы Кубаға бақылаушы мемлекет мәртебесін берген болатын.