Мемлекеттің аумақтық құрылымын реттейтін жаңа заң қабылданды
Заң қала құрылысы мен аумақтық жоспарлау арасындағы байланысты күшейтуге мүмкіндік береді
Парламент «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құжатта облыстардың, аудандардың, қалалардың, ауылдардың және өзге де елді мекендердің құқықтық мәртебесі айқындалған. Сонымен қатар әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, қайта ұйымдастыру және тарату тәртібі реттеліп, осы саладағы мемлекеттік органдардың өкілеттіктері белгіленеді.
Сенат депутаты Әли Бектаевтың айтуынша, заңда әкімшілік-аумақтық мәселелерді қараудың нақты құқықтық критерийлері енген.
«Соған сәйкес, аумақтық өзгерістерге қатысты шешімдер белгілі бір өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері негізінде қабылданады.Құжатта цифрландыру талаптарына да ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың шекараларын «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесінде есепке алу және тіркеу тетігі заңмен бекітіледі», – деді сенатор.
Сондай-ақ елді мекендердің шекараларын белгілеу немесе өзгерту бас жоспарлар мен аумақтарды дамыту схемалары негізінде жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде қала құрылысы мен аумақтық жоспарлау арасындағы байланысты күшейтуге мүмкіндік береді.
Заң авторларының айтуынша, әкімшілік-аумақтық құрылымға қатысты нормаларды Конституциялық заң деңгейінде бекіту мемлекеттің аумақтық ұйымының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, мемлекеттік басқару жүйесінің құқықтық негізін нығайтады.