«Мұны ұмытпаймыз»: Ердоған қазақ елінің шекарасынан бері қапталдаса ұшақ ұшырған Тоқаевқа алғыс айтты
Тоқаев пен Ердоған шағын құрамда келіссөз жүргізді
Бүгін Астанада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорда жазғандай, Қазақстан президенті Түркия басшысына ілтипат таныта отырып, бірінші сөз алған.
«Жоғары мәртебелі Президент мырза, қадірлі бауырым, Өзіңізбен Қазақстанның елордасында жүздескеніме өте қуаныштымын. Ең алдымен, менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға мемлекеттік сапармен келгеніңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Сапарыңыздың мән-мағынасы ерекше, өте жоғары деп айтсақ артық болмайды. Себебі бұл, шын мәнінде, тарихи оқиға. Бұл сапар елдеріміздің ынтымақтастығына үлкен серпін беретініне ешқандай күмән жоқ. Екі ел арасында тек қана достық, бауырластық, мәңгілік серіктестік қарым-қатынас қалыптасқан. Арамызда ешқандай түйткіл немесе шешілмеген мәселе жоқ. Қош келдіңіз!», - Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда, Мемлекет басшысы былтыр Анкараға жасаған ресми сапарын ықыласпен еске алды.
«Біз Анкарада Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның бесінші отырысын өткіздік. Өте маңызды шешімдерге қол жеткіздік. Бүгін Кеңестің алтыншы отырысы болады. Ауқымды бизнес форум өтеді. Өзіңізбен бірге Астанаға үлкен делегация келді. Сондықтан сапарыңыз ойдағыдай өтеді деп ойлаймыз. Осылайша, өзара ынтымақтастығымыздың жарқын болашағына зор қадам жасаймыз», – деді Қазақстан президенті.
Режеп Тайип Ердоған «қазақ шекарасына кіре сала оның делегациясына арнайы ұшақтар еріп ұшқанын» айтып, ерекше ризашылығын танытқан.
«Ең әуелі, бауырымыздың атажұртқа арнайы шақырғанына ризашылығымды білдіргім келеді. Бізге айрықша қонақжайлық танытып отырсыздар. Қазақ елінің шекарасынан өткеннен қапталдаса ұшқан ұшақтармен қарсы алып, менің делегацияма үлкен құрмет көрсеттіңіздер. Бұл бізді ерекше қуантты. Әрине, мұны ұмытпаймыз. Бүгінгі сапар бауырлас халықтардың ынтымағын арттыруға зор септігін тигізеді деп сенемін», – деді Ердоған.