Бүгін, 18:04
Саясат

Мәулен Әшімбаев қазақ және өзбек зиялыларының форумында сөз сөйледі

Сенат төрағасы форум алаңында екі елдің ғалымдары мен мәдениет қайраткерлерінің бас қосуы аймақтың мүддесін ілгерілетуге ықпал етті

Мәулен Әшімбаев қазақ және өзбек зиялыларының форумында сөз сөйледі
Фото: Н.Байбулин/Сенаттың баспасөз қызметі

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бір топ депутатпен және Қазақстанның зиялы қауым өкілдерімен бірге Өзбекстанға барды. Сапар аясында ол Самарқанд қаласында өткен Қазақ және өзбек ғылыми-шығармашылық зиялыларының екінші форумында сөз сөйледі. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның отырысына қатысты. Олий Мәжіліс Сенатының төрағасы Танзила Нарбаевамен екіжақты кездесуде көпжақты өзара іс-қимыл мен өңіраралық байланыстарды нығайту мәселелері әңгімеге арқау болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақ және өзбек зиялыларының форумы осымен екінші рет өткізіліп отыр. Іс-шарада сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев екі ел тәуелсіздігінің 35 жылдығы тұсында өтіп жатқан бұл кездесудің символдық мәні зор екенін айтты. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттілікті қалыптастыру кезеңін табысты аяқтағанын, енді жаңа стратегиялық мақсаттарды айқындайтын уақыт келгенін атап өтті. Сенат төрағасы мемлекет басшыларының Қазақстан мен Өзбекстанның қарым-қатынасын одан әрі бекемдеуге бағытталған саяси бағдары екіжақты ынтымақтастықты нақты мазмұнмен толықтырып, бүкіл аймақтың тұрақтылығын нығайтып отырғанына назар аударды.

«Қазіргі таңда Қазақстан мен Өзбекстанның екіжақты қарым-қатынасы дәстүрлі мемлекетаралық өзара іс-қимыл шеңберінен шығып, аса маңызды деңгейге көтерілді. Елдеріміз аймақтың жарқын болашағын бірлесіп қалыптастырып келеді. Бұл сапалы серпіліс – мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Шавкат Миромонович Мирзиёевтің стратегиялық саясаттарының нәтижесі екені анық. Олардың саяси ерік-жігері, өзара сенімі, достығы және ұзақ мерзімге арналған бағдары ынтымақтастығымызға жаңа серпін берді. Президенттеріміздің Қазақстан мен Өзбекстанның стратегиялық бірлігін одан әрі бекемдеп, нығайтуға арналған бастамалары елдеріміздің ұзақ мерзімді дамуының берік негізін қалайды. Осы жолда біздің басты міндетіміз – жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың тиімді жүзеге асырылуына ықпал ету», – деді Сенат төрағасы.

Мәулен Әшімбаев Форум алаңында екі елдің ғалымдары мен мәдениет қайраткерлерінің бас қосуы аймақтың мүддесін ілгерілетуге ықпал етіп, Орталық Азиядағы ауқымды мәдени жаңғыру үдерісін айшықтай түсетінін атап өтті.

Сонымен қатар ол ғылыми және шығармашылық зиялы қауым арасындағы ынтымақтастықтың бірнеше негізгі бағытына тоқталып, тараптар бірлесіп пысықтауға тиіс міндеттерге тоқталды. Атап айтқанда, ғылыми және технологиялық дербестік, білім беру бағдарламалары, өнер саласы мен креативті индустрияны дамыту мәселелеріне ерекше мән берілді.

«Қазақстан жасанды интеллектіні дамытуға арналған экожүйені белсенді түрде қалыптастырып келеді. Alem AI бірегей халықаралық орталығы іске қосылуда. Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай Қазақстанды жаппай цифрлық мемлекетке айналдыруды міндет етіп жүктеді. Өзбекстан да цифрлық трансформация саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын білеміз. Сондықтан ғылыми қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру елдеріміздің жедел әрі озық дамуы үшін стратегиялық маңызға ие. Қазақстан мен Өзбекстан осы бағыттағы жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға қатысатын елдерге айнала алады. Сондай-ақ жастар арасындағы байланысты нығайта отырып, Орталық Азияның бірыңғай білім беру кеңістігін жасақтаудың мәні зор. Біз жетекші жоғары оқу орындарымыз арасындағы ынтымақтастықты дамытуды, оның ішінде алдыңғы қатарлы университеттердің филиалдарын ашуды, академиялық мобильділіктің жаңа бағдарламаларын іске қосуды, бірлескен форумдар мен ғылыми тағылымдамалар өткізуді белсенді түрде қолдаймыз», – деді Палата спикері.

Форумға қатысушылар Орталық Азиядағы зияткерлік және мәдени байланысты нығайту аймақты ғылым, білім, өнер саласындағы әлемдік көшбасшылар қатарына қайта қосудың басты кілті екеніне ерекше тоқталды.

Өз кезегінде Олий Мәжіліс Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева Форум идеяларын қолдағаны үшін Қазақстанға алғыс білдірді. Сондай-ақ ол қазақ пен өзбек халықтарының ынтымақтастығының негізгі мақсаты мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту және өзара іс-қимылдың өзге де маңызды салаларын ілгерілету екенін айтты.

Іс-шара барысында екі елдің көрнекті ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері – Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдік, Өзбекстан Ғылым академиясының президенті Шавкат Аюпов, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы вице-президенті Асқар Жұмаділдаев, Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік өзбек тілі және әдебиеті университетінің ректоры Шухрат Сираджиддинов, жазушы Әлібек Асқаров, Ұлттық археология орталығының директоры Фарход Максудов, академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков, Өзбекстан Ғылым академиясы Мемлекет және құқық институтының директоры Мурод Турсунов, сондай-ақ, «Целинный» заманауи мәдениет орталығының директоры Жәмилә Нұрқалиева сөз сөйлеп, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтудың басым бағыттары жөнінде өз пікірлерін білдірді.

Ұсынылған жобалар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы гуманитарлық байланысты дамытуды және мәдениет пен білім беру ісінде жүйелі түрде тәжірибе алмасудың негізін қалауды көздейді. Ғылым, әдебиет және өнер салаларындағы күш-жігерді ортақ мүддеге жұмылдыру серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашып, екі мемлекеттің өзара жақындасуын одан әрі жеделдете түсетіні анық. Айта кетейік, Қазақстан мен Өзбекстанның ғылым және шығармашылық саладағы зиялыларының бірінші форумы былтыр Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Астана қаласында өтті.

Өзбекстанға сапар барысында Мәулен Әшімбаев бүгін Танзила Нарбаевамен екіжақты кездесу өткізді. Одан кейін Палата Төрағалары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның бесінші отырысына қатысты. Сенаторлар комиссия жұмысының аралық қорытындыларын шығарып, түрлі саладағы бірлескен жобаларды талқылады.

«Президенттеріміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Шавкат Миромонович Мирзиёев екіжақты ынтымақтастыққа серпін беріп, жоғары деңгейге көтерді. Бұл бағытта парламентаралық байланыстың маңызы зор. Парламентаралық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның белсенді ықпалымен «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісім жедел пысықталып, 2025 жылғы наурызда ратификацияланды. Былтыр өзара тауар айналымын 2030 жылға қарай 10 млрд долларға дейін ұлғайту жөніндегі үкіметаралық бағдарламаның қабылдануын тағы бір маңызды нәтиже ретінде айтуға болады. Сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің Парламентаралық форумын өткізу жөніндегі бастаманың жүзеге асырылуы да – ортақ жетістігіміз. Екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастық алдағы уақытта да саясат, экономика, экология, білім және мәдениет сияқты барлық негізгі бағытты қамтып, жүйелі түрде кеңейе береді деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс кезінде қатысушылар өңірлік және парламентаралық ынтымақтастықты, оның ішінде халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселелерін де талқылады.