«Өзімізді алдаудың не қажеті бар?»: Тоқаев Қазақстандағы ғылымнан көп пайда жоқ екенін сынады

3000 астам ғылыми жобаның небары 193-і коммерцияланған

«Өзімізді алдаудың не қажеті бар?»: Тоқаев Қазақстандағы ғылымнан көп пайда жоқ екенін сынады
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Бүгін Алматыға жасаған сапары кезінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездескен президент Қазақстандағы ғылымның пайда әкелмейтінін сынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл бағыттағы жұмысқа баға бере келе президент өткір сөйледі. Яғни, оның айтуынша, бір қарағанда, ғылым бар сияқты, бірақ оның нақты пайдасын ешкім көрмейді.

«Ғылым қорына инновацияны ынталандыруға арналған жаңа құзыреттер берілді. Бірақ жұмыстың нәтижесі жоқ. Қордың қызметін қайта саралау қажет. Өзімізді алдаудың не қажеті бар? Ғылым бар сияқты, бірақ оның нақты пайдасын көрмей отырмыз. Маған үш мыңнан астам қолданбалы ғылыми жобаның тек 193-і ғана коммерцияландыруға лайық деп танылғаны, ал нарыққа бар-жоғы 29 жоба шыққаны баяндалды. Өкінішке қарай, индустрияға әсері, қайтарымы өте аз», - деді Тоқаев.

Президент инновациялық саясатты жүргізу құзыреті Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілгенін, «Индустриялық PhD» мамандарын даярлау бағдарламасы іске қосылғанын, іргелі зерттеулерді тұрақты қаржыландыру тетігі енгізілгенін, сондай-ақ жетекші ғалымдарға еңбекақы төлеудің жаңа әдістемесі заң жүзінде бекітілгенін алға тартты.