«Құны 1,2 млрд доллар болатын төрт жобасы бар»: Тоқаев Қазақ ұлттық университетіне барды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректор президентке есеп берді

«Құны 1,2 млрд доллар болатын төрт жобасы бар»: Тоқаев Қазақ ұлттық университетіне барды
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми әлеуетімен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚазҰУ ректоры – басқарма төрағасы Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысына Инновациялық өнімдер орталығының және Farabi Hub-тың жоғары технологиялық жобаларын көрсетті.

«Хаб экономиканың нақты секторына инновациялық әзірлемелер енгізуді көздейтін заманауи платформа ретінде құрылған. Оның базасында креативті индустрия, жасанды интеллект пен стартап жобалары іске асырылады. Осы арқылы 300 жаңа жұмыс орны ашылып, 20 миллион доллардан аса инвестиция тартылды», - деп жазады Ақорда.

Ең бастысы, Түймебаев Тоқаевқа «университет жалпы құны 1 миллиард 250 миллион теңгені құрайтын төрт ірі жобаны жүзеге асырып жатқаны» жөнінде мәлімет берген.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қашықтан зондтау және оны қолдану технологиясы» зертханасының қызметімен танысқан. Бұл кешен ҚХР Ғылым академиясымен бірлесе ашылған. Зертханада жасанды жер серіктерінің деректері негізінде Орталық Азиядағы климат және экология өзгерістері зерделенеді.

Мемлекет басшысы «Цифрлық технологиялар мен роботты техника» халықаралық институтын және Роботты техника орталығын, сондай-ақ Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығын аралап көрді. Сондай-ақ Тоқаев университет базасында орналасқан суперкомпьютер кластерін де көрген. Оны құруға 23 миллион доллар инвестиция тартылған.