Сарыағаш тұрғыны інісін өлтірген қаскөйлерді полиция біле тұра ұстамай отыр деп шағымданды

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны Болат Баймұрзаев 27 жастағы інісің өліміне кінәлілер жазасыз қала ма деп қорқады. Бірнеше адам марқұм Әуезханды ағасының көзінше азаптап өлтірген. Алайда, полиция олардың тек екеуін ғана ұстапты деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Осы жағдайға байланысты Болат Баймұрзаев Ішкі істер министрі мен Бас прокурордың атына хат жазып, көмек сұрады. Айтуынша, інісін өлтірген қаскөйлер ауданда аты шыққан «қылмыс серкелері» екен. Олар мамыр айында Әуезханның аяқ-қолын байлап, аяусыз соққыға жыққан. Марқұм ауруханада 4 күн жатып қайтыс болыпты.
Ағасының айтуынша, Әуезхан көзі тірісінде тұрмыстағы келіншекпен байланыста болған. Мұны қыздың әкесі біліп, жергілікті «рэкетті» жалдаған дейді Болат Баймұрзаев.
«Олар 6 адам болды. Көзімше соққыға жықты. Мен ешқандай көмек көрсете алмадым. Полиция сол алтаудың тек екеуін ғана ұстады. Қалған төртеуі куәгер ретінде іске қатысып жатыр», - деп ашынды інісінен айрылған азамат.
Оның пікірінше, жазаға алтаудың бәрін, сондай-ақ, інісімен ойнас құрған келіншек пен оның әкесін, яғни тапсырыс берушіні де тарту керек.
«Полиция істі барынша бұрмалап жатыр, жылы жауып тастай ма деп қорқамын. Мысалы, інімнің сол жақ иығында пышақтың ізі тұр. Бірақ экспертизада ол жоқ», - дейді Б.Баймұрзаев.
Полицейлер болса істің жіті қаралып жатқанын айтады. «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу» баптары бойынша іс қозғалған. Дегенмен, Болат Баймұрзаев жергілікті полицияға сенбейтінін айтып, Ішкі істер министрі мен Бас прокурордан көмек сұрап отыр.