$ 503.17  600.89  6.63
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Конституцияда біртұтас, унитарлы мемлекет екеніміз тайға таңба басқандай күмәнсіз жазылуы керек – сенатор

Астанада Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтіп жатыр

Конституцияда біртұтас, унитарлы мемлекет екеніміз тайға таңба басқандай күмәнсіз жазылуы керек – сенатор
Фото: видеодан скриншот

Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов Конституциялық комиссияның бесінші отырысында Ата заңға неге өзгерістер енгізілуі керек екенін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, Конституция әрқайсымызға үш маңызды тірек береді. Ең алдымен ол еркіндігімізді, ар-намысымысызды, меншігімізді қорғайтын құқықтық қалқан.

«Екіншіден, Конституция – әлеуметтік лифт, әрбірімізге білім алуға, еңбек етуге, емделуге,  кәсіппен айналысуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, ол заң алдында бәрі тең деген қағидатын бекітіп, әділ қоғамның стандартын орнықтырады», - деді Асанов комиссия отырысында.

Депутат бүгінгі күні Конституцияны неге өзгерту керек екеніне тоқталды.

«Халқымызда «таң атайын демейді, күн қоймайды, күн батайын демейді, түн қоймайды» деген сөз бар. Уақыт күтпейді, уақыт өзгерсе, өмір өзгереді. Өмір өзгерсе, оны реттейтін ереже де өзгеруі тиіс. Қазіргі әлемдік жағдай күрделі әрі тұрақсыз. Осындай кезеңде Ата заңда біз қандай елміз, қандай құндылықтарға сүйенеміз – соны айқын, еш күмән қалдырмайтындай етіп жазуға тиіспіз. Констиуцияның алғашқы бетін ашқаннан-ақ бағытымыз да, ұстанымымыз да, мемлекет ретіндегі болмысымыз да анық көрініп тұрғаны маңызды. Жаңа преамбулада осы ойлар дәл көрсетілген деп санаймын», - деді ол.

Екіншіден, ол Қазақстан кеше ғана пайда болмағанын, тарихы терең мемлекет, ұлы дала өркениетінің тікелей мұрагері екенін атап өтті.

«Бұл жерімізді ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен сақтап қалған. Осы жер бізге аманат болып қалған ең қастерлі құндылық. Біз біртұтас ел екеніміз, унитарлы мемлекет екеніміз, жеріміздің бөлінбейтіні, шекарамыздың мызғымайтыны Конституцияда тайға таңба басқандай күмәнсіз жазылуы – стратегиялық қажеттілік. Бұл жай декларация емес, бұл қауіпсіздігіміздің өзегі, егемендігіміздің тірегі, баршамызды ұйыстыратын ортақ ұстаным», - деді сенатор.

Ал үшіншіден, оның айтуынша, қоғам санасы өсіп еледі. Азаматтардың мемлекетке қоятын талабы күшейді. Билік бұрынғыдай тек басқарушы емес, жауап беруші институтқа айналуы тиіс. Сондықтан ұсынылған өзгерістер уақыт талабы, деп түйіндеді сөзін Асанов.