$ 503.17  600.89  6.63
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мемлекет пен қоғам үшін қол сұғуға болмайтын құндылықтар Конституцияда бекиді – Рожин

Заңға бағыну тек жазалау арқылы емес, ең алдымен құқық бұзушылықтың алдын алу арқылы қамтамасыз етіледі

Мемлекет пен қоғам үшін қол сұғуға болмайтын құндылықтар Конституцияда бекиді – Рожин
Фото: скрин/Конституциялық Сот

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Максим Рожин Конституциялық комиссияның бесінші отырысында Ата заң жобасындағы егемендік пен аумақтық тұтастықты қорғауға бағытталған нақтылаушы нормалар туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер еліміздің басты құндылықтары саналатын егемендік пен мемлекеттілікті қорғауға бағытталған.

«Біздің басты құндылығымыз болып саналатын егемендігіміз бен елдігімізге қатысты маңызды мәселеге тоқталғым келеді. Ұсынылып отырған нормалар Конституциялық құрылысты, аумақтық тұтастық пен ұлттық қауіпсіздікті қорғауға бағытталған нақтылаушы сипатқа ие», - деді Максим Рожин.

Оның айтуынша, Конституцияда конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге бағытталған насихатқа, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен егемендігіне қол сұғуға, қоғамдық тәртіпті бұзуға, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге жол берілмейтіні айқын көрсетілген. Сонымен қатар соғысты, қарулы қақтығыстарды, әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, этникалық, діни артықшылықты немесе араздықты, қатігездік пен зорлық-зомбылық культін насихаттауға, сондай-ақ осындай әрекеттерге арандатуға және оларды жүзеге асыруға үндейтін қызметке тыйым салынатыны Конституциялық деңгейде бекітілген.

Депутат атап өткендей, бұл нормаларда ешқандай жаңа тыйымдар еніп отырған жоқ.

«Мұнда сөз құқықтар мен бостандықтарды шектеу аясын кеңейту туралы болып отырған жоқ. Әңгіме мемлекет пен қоғам үшін қол сұғуға болмайтын іргелі құндылықтарды нақты әрі айқын белгілеу туралы. Ұсынылып отырған редакцияда конституциялық құрылысты күштеп өзгертуге шақыруға, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен егемендігіне қол сұғуға, қоғамдық тәртіпті бұзуға, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге жол берілмейтіні нақты көрсетілді», – деді Максим Рожин.

Оның сөзінше, Конституцияда тек осындай әрекеттердің өзіне ғана емес, сондай-ақ оларға арандатушылық жасауға және үндеуге де жол берілмейтіні нақты жазылған. Бұл - маңызды құқықтық нақтылау.

«Заңға бағыну тек жазалау арқылы емес, ең алдымен құқық бұзушылықтың алдын алу арқылы қамтамасыз етіледі. Біз мемлекетке, қоғамға және бейбіт өмірге қауіп төндіретін әрекеттердің шегін нақты көрсетіп отырмыз. Бұл - демократиялық мемлекеттің өзін-өзі қорғау тетігі», - деп түйіндеді депутат.