Сенатор Конституция жобасында еліміздің сыртқы саясаты нормаларын нақтылауды ұсынды
Қазіргі Конституцияда тек қана қарулы күшті бірінші болып қолданбау принципі көрсетілген
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров Конституция жобасындағы еліміздің сыртқы саясатына қатысты норманы нақтылау қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың сөзінше, Конституция жобасында Қазақстанның халықаралық құқықтық қағидаттары мен нормаларын құрметтейтіні айқын көрсетілген. Мысалы, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен көршілік қатынастар саясатын жүргізу, мемлекеттердің теңдігіне құрметпен қарау, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу, қарулы күшті бірінші болып қолданбау сияқты қағидаттар анықталған.
«Қазіргі халықаралық жағдайды ескере отырып, бұл норманы нақтылау қажет деп есептеймін. Бейбіт ынтымақтастық пен бейбітшілік саясаты бірнеше негізгі қағидатқа негізделеді. Олардың негізгілері – күш қолданбау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу, мемлекеттердің егемендігі. Қазіргі Конституцияда тек қана қарулы күшті бірінші болып қолданбау принципі көрсетілген. Сондықтан мен нормаға Қазақстан Республикасының құқықтық қағидаттары мен нормаларын құрметтейтіні, мүдделі мемлекеттермен бейбітшілік пен ынтымақтастықты дамыту, олардың ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізетінін нақты көрсету керек деп санаймын», – деді Нұрлан Бекназаров.
Депутат сонымен қатар Конституция жобасының 52-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Парламенті – заң шығарушы биліктің ең жоғары өкілдік органы екенін атап өтті. Ондағы өкілеттіктер, қызметі, тәртібі және депутаттардың құқықтық жағдайы Конституцияда айқын көрсетілген.
«Бір палаталы парламентке көшу аясында заң шығарушы органның өкілеттіктері мұқият қайта қаралды. Конституцияға қатысты кең ауқымды түзетулер мен толықтырулар енгізіліп, өкілеттіктерді кеңейту, сондай-ақ атқарушы билік пен заң шығарушы билік арасындағы тепе-теңдікті күшейту нақты нақтыланды», – деді депутат.
Нұрлан Бекназаров атап өткендей, ұсынылған өзгерістер мен толықтырулар еліміздің Конституциялық құндылықтарын және оның негізгі қағидаттарын толықтырып, Қазақстанның жаңа тарихи даму кезеңіне бет бұруына негіз болады.