Конституциялық реформа: Халық кеңесіне кімдер кіреді
Астанада Конституциялық комиссияның бесінші отырысы өтіп жатыр
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев Конституциялық комиссияның кезекті отырысында Құрылтайдың тарихи рөлі мен оның елдің қазіргі саяси жүйесіндегі маңызына тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Атам заманнан бері далада Құрылтайда әрдайым ең құрметті әрі білікті адамдар — дала заңын жасаған беделді ақсақалдар сайланып келген. Бүгінде Қазақстанда Құрылтай заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары орган болып қала береді», — деді ол.
Депутаттың айтуынша, реформа аясында заң шығарушы органға түбегейлі ревизия жүргізіліп, оның жұмысын реттейтін нормалар қайта қаралған.
Сергей Пономарев қоғамдық қатысу мен демократиялық қағидаттарды кеңейту мәселелеріне де ерекше тоқталды.
«Халық кеңесінде әртүрлі топтар мен этностардың өкілдігіне, сондай-ақ сайлау негізінде қалыптасатын Құрылтайдың жұмысына назар аудару маңызды», – деді ол.
Мәжіліс депутаты Конституция жобасының 52-бабында Құрылтайдың заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган екені және оның өкілеттігі мен қызметі конституциялық заңмен реттелетіні бекітілгенін еске салды.
Сондай-ақ депутат Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына келетін жаңа консультативтік орган – Халық кеңесінің құрылатынын айтты.
«Бұл – мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы көпір. Дәл осы алаңда халықтың үні естіледі», – деп атап өтті Сергей Пономарев.
Ұсынылып отырған нормаға сәйкес, Халық кеңесінің құрамына 42 этнос өкілі, 42 қоғамдық бірлестіктің өкілі, 42 өңірлік мәслихат депутаты кіреді.
Депутаттың айтуынша, Халық кеңесі ішкі саясат мәселелері, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту бойынша ұсынымдар әзірлеумен айналысады, сондай-ақ заң жобаларын ұсыну және референдум өткізуге бастамашылық жасау құқығына ие болады.
Бұдан бөлек, Сергей Пономарев адам құқықтарын қорғау мәселесіне де жеке тоқталды.
«Өмір сүру құқығы – әрбір адамның абсолютті әрі ажырамас құқығы. Адамды өмірінен айыруға ешкімнің құқығы жоқ. Өлім жазасына тыйым салынады», – деп мәлімдеді ол.
Мәжілісменнің айтуынша, мұндай конституциялық норма Ата заңның гуманистік сипатын күшейтіп, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырады.