Қазақстанның тұтастығы, бөлінбейтіндігі және оған қол сұқпау туралы норма өзгеріссіз қалады – Конституциялық комиссия
Түзетуде Астана қаржы орталығы мен Алатау қалаларына қатысты өзгеріс бар
Бүгін Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда сөз сөйлеген Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов өзгерістер мен толықтырулар Ата заңның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзетулер енетінін, бұл Конституция мәтінінің 84% екенін айтқан еді.
Сондай-ақ Бақыт Нұрмұханов мемлекеттің біртұтастығы, Қазақстан аумағының тұтастығы, бөлінбейтіндігі және оған қол сұқпау туралы норма өзгеріссіз қалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Конституциялық комиссияның баспасөз қызметі хабарлағандай, Қазақстан Республикасының Конституциясына белгілі бір аумақтарға қаржы саласында арнайы құқықтық режим енгізу немесе «жылдам даму қалалары» деп аталатын қалаларды құру мүмкіндігін қарастыратын норманы енгізу ұсынылған.
Оның айтуынша, бұл Астанадағы Халықаралық қаржы орталығының қызметі және Алатау қаласын дамытуға қатысты. Аталған шаралар республиканың тиімді экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл ретте, Бақыт Нұрмұханов ұсынылып отырған норманы Конституцияның негізгі ережелерімен тығыз байланыста қарастыру қажеттігін атап өтті. Аталған ережелерге сәйкес елдің әкімшілік-аумақтық құрылымы тек қана конституциялық заңмен анықталады.
«Мемлекеттің біртұтастығы, Қазақстан аумағының тұтастығы, бөлінбейтіндігі және оған қол сұғылмаушылығы туралы норма өзгеріссіз қалады», - деді ол.